12.05.2017
Биылғы жылы Алматыда 250 мың шаршы метр жол төсемін жөндеу, 97 мың шаршы метр жаяужол мен 130 аялдама алаңын абаттандырып, жөндеу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, қалада 43,2 мың шаршы метр жол жабынын ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілгені хабарланады.
Жергілікті бюджеттен жол-жөндеу жұмыстарына - 7 млрд теңге, соның ішінде ағымдағы жөндеуге – 1 млрд теңге, жаяужолдар мен аялдамаларды жөндеуге – 500 млн теңге, орташа жөндеу жұмыстарына 5,5 млрд теңге бөлінген.
Қазіргі уақытта қала жолдарындағы анықталған ақауларды жою үшін төрт мердігерлік ұйым тартылған. Алматы қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы хабарлағандай, ұзындығы 31,27 км 12 магистральдық және 23 аудандық маңызы бар көшені орташа жөндеу басталған. Тағы 19 көшені орташа жөндеу жұмыстарына конкурс жарияланған.
Әкімдіктің мәліметі бойынша, жуық арада Тимирязев көшесінен бастап Абай даңғылына дейін Байтұрсынов көшесін күрделі жөндеу басталады. Аталған учаскені күрделі жөндеуден басқа, қалалық велосипед және жаяу жүргінші инфрақұрылымын жоспарлау бойынша «Алматы қаласының тұрақты көлігі» бағдарламасы аясында велосипед жолдарын салу да ұйымдастырылмақ. Саин көшесінен бастап Таусамалы кентіне дейін Жандосов көшесін күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Жобада жолдың көлік жүретін бөлігін 4 жолаққа дейін кеңейту, Қарғалы өзені арқылы өтетін көпірді қайта құру, ұзындығы 2 км веложолдар мен 4 км жаяужолдарды салу көзделген.
Бұдан бөлек, қаланың аудандық әкімдіктерінен 488 көше бойынша жаңа арық желілері мен нөсерлі кәріздердің құрылысына ЖСҚ әзірлеуге өтінімдер алынған.