23.11.2016
21 қарашада «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ жетекшісі Қанат Алпысбаев Алматы-1- Шу екінші темір жол желісі құрылысы барысымен танысты.
Қ. Алпысбаев бірінші өткізу кешені нысандарын аралаған соң, Отар станциясында кеңес өткізіп, «Нұрлы жол» бағдарламасына кіретін жобаның маңызына тоқталды.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ филиалы- «Темір жол желілері құрылысы дирекциясының» басқарма бастығы Рүстем Молдағұлов барлық жоспарланған жұмыстардың толғымен аяқталғанын хабарлады. Оның айтуынша, топырақ қабаты төселген, жасанды имараттар-көпірлер, су өткізу құбырлары тұрғызылған. Рельс торкөздері төселген. Бірінші өткізу кешенінің электрмен қамту, белгі беру және байланыс құрылғылары орнатылған. Мұнда тұңғыш рет отандық өнім Ақтөбе рельс арқауы зауытының рельстері төселді.
Қ. Алпысбаев өз кезегінде құрылысшыларға бірінші өткізу кешені нысандарын белгіленген кестеден қалдырмай орындауды тапсырды. Соңғы шақырымдары аяқталып қалған бірінші өткізу кешенінің ұзындығы 52 шақырым болады.
Алматы-1-Шу екінші темір жол желісі іске қосылған кезде өткізу мүмкіндігі 3,2 есеге артады. Тәулігіне 68 жұп пойызды өткізуге болады. Жүк пойыздарының жылдамдығы екі есеге дейін өседі.