26.01.2015
«Жолаушылар тасымалы» АҚ хабарлағандай, іссапардан соң жолаушы төмендегі құжаттарды өткізуі қажет: қағазға шығарылған электронды билет; пойызға мінерде жылжымалы терминал арқылы жолсерік берген отырғызу талоны; электронды билетке ақша төленгенін растайтын құжат.
«Егер жолаушы жолсеріктің жылжымалы терминалы (ЖЖТ) жоқ пойызға билет алса онда ол «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамынан шот-фактура талап ете алады. Шот-фактураны іссапар бойынша есеп бергенде электронды билетпен бірге отырғызу талонының орнына өткізеді», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, іс-сапар бойынша қатаң есептегі бланкке шығарылған кәдімгі темір жол билеттерімен де есеп беруге болады.
Осы жылдың аяғына дейін барлық пойыздар отырғызу талондарын беретін жолсеріктің жылжымалы терминалымен толық қамтылатын болады.