11.09.2014
«Қазавтожол» АҚ ПОФ ақпараты бойынша Омбы-Майқапшағай республикалық маңызы бар автомобиль жолының Павлодар облысы бойынша жалпы ұзындығы 385 шақырым.Қазіргі таңда осы автожолдың ұзындығы 84 шақырым болатын екі учаскесі қайта салынуда. Жол құрылысын 2 бас мердігер, сонымен қатар қосалқы мердігер ұйымдар жүргізіп жатыр.
Ағымдағы жылы ұзындығы 25 шақырым болатын Черноярка ауылы – Павлодар қаласы учаскесінде барлық жол жөндеу жұмыстарын аяқтап, қараша айында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл учаске бойында 2 демалыс орнын жайғастырып, эстакадалар мен «антивандал» аялдамаларын орнатып, жол белгілері мен жол сызығын салып жатыр. Аталмыш учаске құрылысына 7,7 млрд. теңге бөлінген.
Сондай-ақ, екінші жол құрылысы – ұзындығы 59 шақырым болатын Байқоныс ауылы – Черноярка ауылы учаскесі бойында үлкен су өткізу құбыры орнатылып, тас жолдың үстінгі бетін асфальтпен жабуда. Бұл учаскенің құрылысына 12,2 млрд. теңге бөлінген.
Жол құрылысында атқарылған жұмыспен танысқан облыс әкімі Қ.Бозымбаев «Қазавтожол» АҚ ПОФ басшылығынан осы жол құрылысында еңбек еткен жергілікті еңбеккерлерді одан әрі жұмыспен қамтамасыз етуді жалғастыру туралы ұсынысын жеткізді.
«Бұл жол құрылысында жергілікті көптеген компаниялар жұмыс жасауда. Жоба аяқталғаннан кейін де осы жергілікті компаниялар облыстық маңызы бар жолдар құрылысы мен жөндеу жұмыстарына қатыса алуы қажет. 2-3 жыл осы құрылыста еңбек еткен жергілікті мамандар білікті тәжірибе жинады, олар 1 санатқа жататын жолдар салуды үйренді, олар бұрынғыдай облыс аумағында жол құрылыстарын жүргізуі қажет», - деп атап өтті облыс әкімі.