13.05.2017
Әкімнің айтуынша, ауданда туризм саласын дамыту мақсатында Шардара су қоймасы жағалауынан 60 нысан іске қосылып, оған 6,7 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылады деп жоспарлануда.
Сонымен қатар, Елбасының Қазақстан халқына арнаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында жүктелген міндеттердің орындалуы бойынша баяндаған аудан басшысы бүгінде Шардарада 36 гектар аумақта индустриалды аймақ құрылып, онда кәсіпкерлерге қажетті инфрақұрылым жұмыстары жүргізіліп жатқандығын атап өтті.
Бұдан басқа, ол Шардара ауданы балық өңдеу бойынша облыс көлемінде көш бастаушы аймақ екенін айтып, бұл бағытта өткен жылы жұмыс істеп тұрған 3 балық зауыты жалпы 4 мың тоннаға жуық балық өңдеп, 3,2 млрд. теңгенің өнімін өндіргенін мәлімдеді.
Айта кетерлік жайт, оның 80 пайыздан астамы шет елдерге экспортталған. Сонымен қатар, биыл жылдық қуаттылығы 600 тоннаны құрайтын тағы бір балық өңдеу зауыты іске қосылып, 30 адамды жұмыспен қамтыған. Алдағы уақытта жаңадан ашылған кәсіпорындар есебінен балық өнімдерінің көлемін 30%-ға арттыру жоспарлануда.