14.12.2016
Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы бойынша салынған тоғыз қабатты үйде 108 пәтер бар: 81 екі бөлмелі және 27 үш бөлмелі. Үйдің ашылу салтанатына қатысқан аймақ басшысы Болат Бақауов, «Сарыарқа» шағын ауданында бес тұрғын үйдің пайдалануға берілуінің арқасында жаңа тұрғын үй кешенін салу үшін айналымдық тұрғын үй бар екенін атап өтті.
«Өңір жұртшылығы, әсіресе, «Сарыарқа» шағын ауданының тұрғындары құрылыстың ойдағыдай аяқталатынына сенеді», - деді облыс әкімі.
Жаңа тұрғын үй құрылысының құны 700 миллион теңгеден астам соманы құрады. «Құрылыс ГСУ» ЖШС тұрғызған үйдің алаңы 6,3 мың метрді құрайды.
Павлодарда жыл басынан бері 67 мың шаршы метрден астам тұрғын үй қолданысқа беріліп, нәтижесінде 1000-ға жуық павлодарлық отбасы баспаналы болды. Бүгінгі таңда «Сарыарқа» шағын ауданында тағы да үш тұрғын үй бой көтеруде. 2017 жылы мұнда қосымша көп қабатты төрт үй салынады.