07.02.2015
Алматы әкімі аудан құрылған кезден бастап мұнда үлкен жұмыстардың жүзеге асқандығын, түрлі салаларда бірініші кезектегі мәселелердің оң шешімін тапқандығын жеткізді, деп хабарлады қала әкімдігі.
«Аудан құрылған соң біз қала бюджетінен 5 млрд 100 млн. теңге бөлдік, оның 900 миллионын білімді дамытуға жұмсадық. Барлық мектептерде жөндеу жұмыстары жүргізілді. Үш кезекпен оқытуды тоқтаттық. Денсаулық саласына бөлінген қаржы - 420 млн теңге, мұнда да жөндеу жұмыстары жүргізілді, санитарлық көлік алынды, жедел жәрдем жұмысы жақсарды, оң пікірлер қалыптасты. Бұл жұмыстар одан әрі жалғасады», - деді Ахметжан Есімов.
Қала басшысы айтып өткендей, биыл ауданды дамытуға бөлінетін қаржы көлемі ұлғайып, 9 млрд. теңгені құрайтын болады. Білім саласын дамытуға 1,8 млрд теңге бөлінеді, 2400 орынды 2 мектептің, 880 орынды 4 бала бақшаның, 2 мектептің сейсмикалық қуатын күшейтудің, мектеп жанынан салынатын қосалқы құрылыстың жобалық-сметалық құжаттары жасалады. Денсаулық саласында 1000 адам қатынайтын 2 емхананың, жедел медициналық көмек станция құрылысының жобалық-сметалық құжаттары дайындалады. Тұрғын үй-коммуналды шаруашылыққа 563 млн теңге бөлінеді, бұл өткен жылмен салыстарғанда үш есеге көп. Қаржы ауданды абаттандыруға, көгалдандыруға, санитарлық тазалыққа жұмсалатын болады. Жол-инженерлік инфрақұрылмға бөлінетіні - 6,4 млрд, жолдарды жөндеуге - 300 млн, электрмен жабдықтау желісіне - 308 млн теңге, су желісіне - 573 млн. теңге және жылыту желісіне 181 млн теңге жұмсалады.
«Жаңа әрі жас ауданға жан-жақты қолдау мен көмек көрсетіледі. Аудан әкімі өзінің командасымен бірге осы қаржының барынша тиімді пайдалануын, жоспарлардың жүзеге асуын, қаржының мақсатты жұмсаулын жіті бақылауы тиіс. Аудан тұрғындары оң өзгерістердің қалыптасқандығын көре отырып, еліміздің ең ірі қаласында тұратындықтарын сезінулері тиіс», - деп қорытындылады өзінің сөзін Ахметжан Есімов.