31.01.2015
Облыстың ішкі саясат басқармасы хабарлағандай, Елбасының апатты жағдайдағы және үш ауысымда оқытатын мектептердің мәселесін шешу туралы тапсырмасын орындау мақсатында облыста білім нысандарының құрылысына қаражат бөлу көлемі артты, 2014 жылы құны 4,7 млрд.т теңгені құрайтын 16 білім беру нысанының, оның ішінде республикалық бюджет есебінен 7 нысанның құрылысы жүргізілді.
2014 жылы 5 мектеп іске қосылды. Соның ішінде үш ауысымды мектептерді жою үшін 3 мектеп, апатты мектептердің орнына 2 мектеп салынды. Бұл проблемалық мәселелер 2017 жылға дейін шешімін табады. 2014 жылы жалпы құны 2532,9 млн.теңгеге 69 білім нысанына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Басқарма хабарлағандай, балалар үшін жасалған қолайлы жағдайлар білім сапасына әсер ететіні белгілі. Соңғы үш жыл көлемінде Ақтөбе облысының ҰБТ нәтижесі айтарлықтай жақсарғандығын атап өтуге болады. Республика бойынша 2014 жылы ҰБТ қорытындысында біз Алматы және Астана қалаларынан кейінгі 3-орынды иелендік. Халықаралық олимпиадаларда біздің облыстың дарынды балалары түрлі дәрежедегі 52 медальға қол жеткізді.
Мемлекет Басшысының маңызды тапсырмаларының бірі - даму мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, әсіресе, балаларға көмек беру болып табылады, облыста бұл балалар саны – 5169. Жақын арада ғана біз «Дара» жеке Қорымен бірлескен жұмыс нәтижесінде Ақтөбе қаласында психологиялық-педагогикалық түзетім кабинетін аштық. Бұл жерде балаларға заманауи түзетімді қолдау жасау үшін барлық жағдай жасалған. Аталған кабинет барлық аудандарда дерлік құрылған.