13.01.2015
«Соңғы жылдары Семей қаласы аумағында тұрақты дамып, қалыпты қарқынын сақтап отырған бағыт ретінде құрылыс саласын айтуға болады. Келтірілген деректерге қарағанда, тұрғын үй құрылысы алдыңғы жылдардан 1,5 есеге көбейген. Бұл көрсеткішті 2014 жылы 500-дей семейлік отбасы өзінің қоныс тойын тойлағаны туралы мәліметтер бекіте түседі. Осынау қарқын биыл тіптен үдей түседі деп күтілуде. Ендігі кезекте тұрғын үй құрылысының жалпы көлемін кем дегенде 150 мың шаршы метрге дейін ұлғайтудың жобалары жасалыпты», - делінген хабарламада.
Әкімдіктен толықтырып өткендей, қаланың ішкі аумағында тұрғын үй құрылысына жер тапшы болып келгеніне қарамастан, соңғы бірер жылдағы құрылыс көлемі 70 мың шаршы метрден 115 мың шаршы метрге дейін өскен.
Тұрғын үй және әлеуметтік нысандар құрылысының тағы бір ерекшелігі - осы салаға инвестиция жекеменшік тараптан көптеп тартылуда. Мемлекеттік жекеменшік әріптестік бағдарламасына сәйкес салынған балабақша санына (18) келсек, Семей рекордтық көрсеткішке қол жеткізіп отыр. «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы аясында да жекеменшік әріптестіктің үлесі 50 пайызға дейін барған. Бас жоспардың бекітілуімен кең тыныс алған құрылыс екпіні үстіміздегі жылы, тұрғын үйлермен қатар, 1200 орындық мектеп пен 1290 орынды балабақшаның іргесі көтерілмек.