04.01.2015
Жергілікті кәсіпкерлерге Елбасы мен мемлекет тарапынан қолдау көрсетудің арқасында аудан орталығы Шыңғырлауда «Теща» атты супермаркет (иесі Серік Жұмалиев) пен «АкРам» мәдени ойын-сауық кешені, ал Ащысай ауылында «Маржан» дәмханасы бой көтерді. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 2,2 млн. теңге несие алып, дәмхана ашқан кәсіпкер Маржан Шерердің сөзіне қарағанда, ауыл тұрғындары енді жақсылықтарын өткізу үшін тойхана іздеп, аудан, қалаға сабылмайтын болды.
Сондай-ақ супермаркет өз алдына, бұрын ауданда мейрамханасы, екі банкет залы, караоке-бары, түнгі дискобары бар «АкРам» сияқты кешен болмаған-ды.
Аудан әкімі Алдияр Халеловтің айтуынша, супермаркет облыс басшысы Нұрлан Ноғаевтың тапсырмасы бойынша салынды. Бұл ілкі жоба болып есептеледі. Алдағы уақытта барлық он екі ауданда осындай сауда үйін ашу көзделуде. «Орал» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен өңірдің тұрақтандыру қорынан көкөніс өспейтін мезгілде аса қажетті тауарлар жеткізу жөнінде келісім жасалды. Ең басты мақсат - ауданда азық-түлік өнімдері бағасының өсуіне жол бермеу.
Нысандардың ашылуына қатысып қайтқан облыс әкімінің орынбасары Марат Кәрімовтің атап өткеніндей, ең алдымен жергілікті кәсіпкерлер мен фермерлердің өз өнімдерін осындай супермаркет пен барлық дүкендерге тиімді бағамен өткізгені маңызды. «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» деген, әр аудан өз өнімдерімен қамтыса, бұл бағаның да тұрақты болуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар үш нысанда алпыс адамға жұмыс табылып отыр.
Айта кетейік, бұдан бұрын сөрелерді жергілікті өнімдермен толтыру туралы облыс әкімі Нұрлан Ноғаев тапсырма берген болатын.