12.12.2014
Жалпы алаңы 9259 шаршы метр мектеп барлық заманауи талаптарға жауап береді. Мектепте №43 негізгі мектептің және №51 гимназияның оқушылары білім алатын болады. Осылайша, ауданда үш ауысымдық оқыту проблемасы оң шешімін тапты.
«Мемлекет басшысының алға қойған міндетін іске асыру барысында алдағы үш жылда үш ауысымдық және апатты мектептердің жағдайын толықтай шешетін боламыз. Республикалық қаражат есебінен салынған бұл үш қабатты мектеп жаңа ұрпақ өкілдері - балаларымыз заманауи мектептерде оқысын, жоғары білікті мамандардан сапалы білім алсын деген ниеттен бой көтерді. Ақтөбе облысы әкімдігіне маңызды нысандарды сапалы әрі мерзімінде тапсырғаны үшін алғыс білдіріп, балаларды, ұстаздарды, ата-аналарды тамаша білім ордасының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын және толағай табыс тілеймін»,- деді ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов.
Әкімдіктің мәліметінше, облыс орталығының халқы артып келеді, сондықтан жаңа мектептер құрылысы да қарқынмен салынуда: қала маңындағы Жаңа Қоныс кентінде - 600 орындық, «Нұр Ақтөбе» шағынауданында - 1200 орындық және Өрлеу ауылында - 270 орындық мектептер салынуда. 2015 - 2017 жылдар кезеңінде «Батыс», «Батыс-2» шағынаудандарында, Нокин ауылында, «Кирпичный» және «Бауырластар» аудандарында 2160 орындық орта мектептер ашылады деп күтілуде.