02.12.2014
ҚР Тұңғыш Президентi күнi қарсаңында аққайыңдықтар үлкен қуанышқа кенелдi. Осы күнi аудан орталығында «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында салынған емхана құрылысы аяқталып, тұрғындар игiлiгiне пайдалануға берiлдi. Тұрғындарды бұл қуанышпен өңiр басшысы Ерiк Сұлтанов құттықтады.
«Сiздердi ҚР Тұңғыш Президентi күнiмен шын жүректен құттықтаймын. Елiмiзде денсаулық сақтау саласында үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Осы емхананың ашылуы сол айшықты iстердiң бiр дәлелi», — дедi өңiр басшысы. Жаңа емханада халыққа сапалы медициналық көмек көрсетiлетiндiгiне сенiм бiлдiрген облыс әкiмi ұжымға жаңа реанимобильдiк көлiктiң кiлтiн табыс еттi.
Емхана құрылысына республикалық бюджеттен 1 млрд. 100 млн. теңге бөлiнген. Медициналық қондырғылардың өзiне 500 млн. теңге бөлiнген. Ендiгi уақытта аудан тұрғындары облысқа ат сабылтпай өздерiндегi емханаға қаралып, медициналық көмекке жүгiне алады.
Жыл соңына дейiн облыс орталығында осындай тағы екi емхана құрылысы аяқталып тапсырылады.