14.11.2014
Қазақстан туристік ассоциациясының директоры Рашида Шайкенова Павлодар облысының туристік кластерін құру жөніндегі бас жоспарды кеңірек таныстырды.
Біздің өңірде туризм саласын алты бағытта дамыту жөнінде шешім қабылданды. Олар: экологиялық, емдік-сауықтыру, мәдени-танымдық, балалар-жасөспірімдер және мерекелік бағыттар.
Мәжілісте аймақ туризмін дамыту туралы көптеген қызықты идеялар ортаға салынды. Атап айтқанда, “Қаз қонақ” археологиялық ескерткіші аумағында «шыны астында» мұражай салу. Бұл жобаның авторлары қазба жұмыстарына қызығушылық танытқан азаматтарды, палеонтолог ғалымдарды тартуды ұсынды. Сонымен қатар, Р.Шайкенова Баянауыл туристік аумағында қазіргі заманға сай бассейн және аквапарк, жабық спорттық-сауықтыру кешенін салу, демалыс маусымын ұзарту туралы ой-пікірін жеткізді.
Бас жоспарға Баянауыл ұлттық табиғи паркі аумағында қысқы спорт түрін дамыту ұсынысын енгізу де сөз болды. Мәжіліске қатысушылар тауда аттракцион ашып, резеңке баллондармен сырғанау үшін трамплин орнату туралы мәселені де талқылады.
Ертіс бойында алты күндік өзен туризмін де қолға алу мәселесі назардан тыс қалмады. Бас жоспар авторлары облыс орталығы бойынша бірнеше тақырыптық маршрут әзірлеген. «Мәшһүр жөнінде аңыз», «Көпестік Павлодар» сияқты біздің өңірде басталып, Алтай өлкесінде жалғасатын экскурсия да жоспарда бар.
Туристік ассоциацияның директоры Р.Шайкенова біздің өңірде өтетін «Этнофестиваль», «Ертіс күні», «Қымызмұрындық» сияқты іс-шараларға туристерді көптеп тартуды ұсынды. Осылайша, аталмыш шараларға халықаралық мәртебе беруге болады, деді ол.
Жалпы, бас жоспарды жүзеге асыруға шамамен 12 млрд теңге қажет.
«Әкімдік қаулысымен жоспарды қабылдаймыз, алайда оны түзетіп әлі де толықтыру қажет. Ол үшін біршама уақыт берейік. «Қаз қонаққа» келетін болсақ, ол жерде сарайлар тұрғызуды жоспардан алу қажет. Бұл бірегей ескерткішті болашақ ұрпаққа сақтап қалу үшін оның аумағын көріктендіріп, күзетпен қамтамасыз етеміз. Баянауылға келетін болсақ, қысқы демалыстың қыс мезгіліндегі пайдасын әлі де терең зерттеп, ойлану қажет. Бұл идея өте жақсы, дегенмен оны инфрақұрылым мен жолды жөндегеннен кейін ғана жүзеге асырған жөн, - деді әкім.