05.11.2014
Газ құбырының құрылысы 2008 жылы республикалық бюджет есебінен салына бастаған. Жобаның құны 4 млрд. теңгеден асады. Жобаның жүзеге асырылуының арқасында 26 әлеуметтік нысанды газдандыру мүмкін болды, 9 мыңнан астам адамның үйіне газ қосылды.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2020 жылға дейін облысты дамыту стратегиясына сәйкес аймақтың барлық елді мекенін газбен қамту міндеті қойылды. Бұл міндетті біз біртіндеп орындап келе жатырмыз», - деді әкім тұрғындармен өткен кездесуде.
Сонымен бірге болашақта Ақтөбе агломерация ретінде дамиды. Оның құрамына Қобда ауданының Қобда, Бестау, Әлия, Талдысай сияқты бірқатар ауылдары енеді және оларды көгілдір отынмен қамтамасыз ету бірінші кезектегі міндеттердің бірі, деп қосты әкім.
Ағымдағы жылдың басынан бері облыстың 93 елді мекеніне газ тартылды, осылайша бүгінде өңірдің елді мекендерінің 80 пайызы газбен қамтамасыз етілді.
Қобда ауылындағы газ құбырының салынуының арқасында Ақтөбе маңындағы Жаңақоныс, Жіңішке, Құршасай елді мекендерін, Алға ауданының Маржанбұлақ ауылын, Қобда ауданының Көкой, Бастау, Әлия, Талдысай ауылдарын газбен қамтамасыз ету мүмкін болды. Жыл соңына дейін облыстың тағы 7 елді мекенге газ тарту жоспарланған.