14.10.2014
«Уақыт өте келе өңірдегі үш ауысымды оқыту мәселесін шешеміз. №55 мектептің пайдалануға берілуі оқушысы шамадан тыс қос мектептің оқушыларын жаңа мектепке ауысуына мүмкіндік бермек. Мемлекет басшысы тапсырмасына сай балаларымыз сапалы орта білім алулары керек», - дейді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.
Хабарламада айтылғандай, ғимарат алты блоктан тұрады. Олардың әрқайсысының өзіндік мақсатты міндеттері бар. «А» блогы қоғамдық болып саналса, «Б», «В» және «Г» оқу блоктары. «Д» блогында асхана мен акт залы бар. «Е» блогы өз кезегінде спорт залы мен кітапхана қызметін атқармақ. Мектепте 54 кабинет пен зертхана бар. Атап айтар болсақ, физика, химия, биология, информатика, лингафон сыныбы, АӘД кабинеті және оқу шеберханасы техниканың соңғы жетістіктерімен жарақтандырылған. Кітапхана 30 мың кітапқа есептелген.
Қалалық білім беру бөлімінің жетекшісі Ләззат Оразбаеваның айтуынша, мектепке №50 мектептің 50 оқушысы мен мектепке дейінгі дайындық сыныбының 50 шәкірті қабылданбақ. Тағы 250 оқушы Қарғалы мектебінен қабылданады.