18.07.2017
Аймақ әкімдігінен хабарлағандай, «Кооперация туралы» заң тиімді жүзеге асырылуда – 171 кооператив құрылды, тағы 26-сы осы жылдың соңына дейін жұмысын бастайтын болады.
Жалпы, құрылыс жұмыстарының көлемі 111% өсіп, 242 мың м2 тұрғын үй пайдалануға берілді, ал жыл соңына дейін кем дегенде 650 мың м2 тұрғын үй салынатын болады. ЖТҚ дамыту аясында осы жылы 15 мың жер телімін беру жоспарлануда.
Айта кету керек, Ақтөбе Қазақстандағы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында «таунхаус» типіндегі үшқабатты несиелік және тез тұрғызылатын жеке тұрғын үйлердің құрылысын жүргізіп жатқан қалалардың бірі. Бірінші кезеңде 210 м2 тұрғын үй немесе 2952 пәтер, соның ішінде 2017 жылы 914 пәтер салынбақ.
Белсенді тұрғын үй құрылысымен қатар қаланы көркейту және көгалдандыру жұмыстары да белсенді жүргізілуде. Ақтөбеде 34 гүлзар (оның үшеуі жұмыс жасап тұр) құру жұмыстары басталды.
Облыс әкімдігінде өңірдің әрі қарайғы дамуы мен алға жылжуы бойынша жоспарлары да тілге тиек етілді.
Сонымен, 2017 жылы облыста салынып жатқан 23 мектептің 14-і пайдалануға беріліп, 5450 орындық мектепке дейінгі балалар мекемесі ашылатын болады. Балабақшалардағы орын жетіспеушілігі мәселесі барлық ауданда шешіледі.
«Басты назар сапалы әрі қол жетімді медицинаның дамуына аударылуда. Ақтөбеде Батыс Қазақстандық медицина кластерін дамыту жұмыстары жалғасуда. Осы жылдың өзінде 29 денсаулық сақтау нысанын, соның ішінде аудандарда салу қарастырылған. АҚШ, Оңтүстік Корея, Түркия мен Израильдің әлемдік деңгейдегі емханаларымен серіктестік келісімге отырды», - делінген хабарламада.
Өңір сондай-ақ, көлік-логистика саласын белсенді дамытуды жалғастырады. Осы жылы барлығы 141 шақырымдық республикалық маңызы бар жолдар 2,3 млрд теңгеге, 298,5 шақырымдық облыстық және жергілікті маңызы бар жолдар 8,8 млрд. теңгеге орташа жөндеу жұмыстарын қажет етеді. «Ақтөбе-Орск» (0-8 шақырымдық учаске) көлік жолын қайта қалпына келтіру, Ақтөбе қаласынан шығатын жолдағы өтпежолды салу секілді т.б. ірі жобаларды жүзеге асыру басталды.