10.07.2017
Форум Елбасының тапсырмасы аясында өтті. Негізінде урбанистика орталығы – бұл қалалық ортаны жақсартуға, қалалық зерттеулер жүргізуге, тұрғындармен жұмыс істеуге, әлеуметтік капиталды ұлғайтуға, азаматтық қауымдастық пен билік арасындағы тиімді қарым-қатынас орнатуға, қаланың ішкі ресурстарын жұмылдыруға, шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған жаңа құрылым.
Форумның ашылуында қала әкімі Әсет Исекешев Елбасының тапсырмасына сәйкес 2020 жылға дейін қаланы дамыту бағдарламасы жөндеуден өткенін айтты. Бағдарламада тұрғындардың әлеуметтік жағдайы мен қалалық ортаның сапасын жақсартуға және халықтың табысын арттыруға бағытталған екі негізгі тетік қарастырылады.
«Бірінші бағыт бойынша қоғамдық транспорт жүйесін жақсарту, спорттық алаң, балабақшалар мен мектептер, қауіпсіздік, экология, велосипед және жаяужолдар аумағын, саябақтар мен алаңдарды, қоғамдық кеңістікті дамыту сынды 34 әлеуметтік бағытқа қолжетімділікті қамтамасыз ететін қадамдар әкімдіктің бастамасы болып табылады», - деді Ә. Исекешев.
Сонымен қатар әкім қалалық басқарма мен қызметтердің өзгерісі жөнінде, сондай-ақ урбанистика мен тұрақты түрде қаланы дамытудың жаңа алғышарттары мен міндеттеріне сәйкес «Астана басжоспар» институты туралы тілге тиек етті.
Қазірдің өзінде Урбанистика орталығы жұмыс істей бастады және ірі трансұлттық корпорациялармен бірлескен қалалық технология орталығы құрылды. Олар елорданың инфрақұрылым обьектілері мен жолдары, ғимараттардың құрылысы саласында заманауи технологияларды енгізу үшін құрылған.
Сонымен қатар, шаһар басшысы әлемдік стандарттарға сәйкес жоспарлау жүйесінің өзгергені туралы айтты.
«Әкімдіктің маңызды міндеттерінің бірі - жоспар мен жаңа нормативті құжаттарды әзірлеумен қатар, қала тұрғындары үшін ыңғайлы жағдайды жасау бойынша жаңа бастамаларды іске асыру болып табылады. Мысал ретінде аулалар мен қаланың аудандарында ыңғайлы жағдай жасау бойынша қоғамдық кеңістіктің дамуын келтіруге болады. Бұл - спорттық және балалар алаңдары, жаяу жүргіншілер саябағы, «Арбат» жобасы, Қабанбай батыр даңғылы бойынша жаяужолдар мен велосипед аумақтарын құру және салынып жатқан Ботаникалық бақша», - деді Ә. Исекешев.
Урбанистика саласында бұндай жиын жыл сайын өткізіледі деп жоспарлануда.
Фото Бауыржан Жуасбаев