03.07.2017
«Astana Innovations Challenge» стартап-марафоны стартапшыларға, жас инноваторлар мен өнертапқыштарға арналған.
Astana Innovations Challenge – бұл Астана қаласының инновациялық экожүйесін дамыту аясында өткізілетін және қала билігін, ғылыми-бизнес және стартап қоғамдастықты белсенді тарту арқылы қалалық технологиялық міндеттерді шешуге арналған іс-шаралар топтамасы.
Жоба алты іс-шарадан – сатылы түрде өтіп, ағымдағы жылдың соңына дейін жалғасатын хакатондар мен стартап уикэндтерден тұрады. Алты айдың ішінде жоба тақырыптық бағыты әртүрлі 4 стартап уикэндті және 2 хакатонды қамтиды.Ұйымдастырушылар хабарлағандай, бірінші Startup Weekend биылғы жылдың 14-16 шілдесінде Forte Bank-тің бас ғимаратында өтеді. Аталмыш іс-шараның тақырыбы – коммуналдық шаруашылықтың, көлік пен қала экологиясының түйткілді мәселелері саласындағы инновациялық шешімдерді жасап шығару. Шілдедегі Startup Weekend қорытындысы бойынша 3 үздік стартап-жоба іріктелді, олар MOST бизнес-инкубаторы негізінде қарқынды акселерация бағдарламасынан өту, сондай-ақ жобаларды елордада енгізу мүмкіндігін алады.
Астана Innovations» АҚ қызметінің негізгі міндеті – елорданың кешенді инновациялық экожүйесін құру. Астана қаласы әкімдігінің бастамасымен, инновациялық технологиялық шешімдердің үйлестірушісі және интеграторы бола отырып, «Астана Innovations» АҚ түйткілді мәселелерді іздеу және талдау, қалалық технологиялық міндеттер тізімін жасау және оның негізінде инновациялық жобаларды енгізу арқылы инновациялық саясатты жүзеге асырады. Инновациялық жобалар Астананы әлемнің ақылды, жайлы әрі қауіпсіз қалаларының біріне айналдыру бойынша тұжырымдама аясында ретімен іске асырылып отырады.«Astana Innovations Challenge» жобасын іске асырудың мақсаты жүйелендіру және отандық стартап-мәдениетті қалыптастырудағы кешенді тәсіл, сондай-ақ қалалық билік пен бизнес-қауымдастық күшін ғылыми және инновациялық технологиялық стартап-шешімдерді іске асыруға тиімді жұмылдыру болып табылды.«Astana Innovations Challenge» MOST бизнес-инкубаторымен бірлесіп, «Шеврон» компаниясының қолдауымен жүзеге асырылады.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы тарапынан Астананы әлемнің 50 интеллектуалды және заманауи қалаларының қатарына қосу жөнінде меже белгіленді. Сонымен қатар, «Бес институционалдық реформаны іске асырудың 100 нақты қадамы» ұлт жоспарына сәйкес, Президент Астананы зерттеушілерді, студенттерді, кәсіпкерлерді, барлық өңірлерден туристерді тартатын Еуразияның іскерлік, мәдени және ғылыми орталығына айналдыру бойынша міндет қойды (№69 қадам).
Қайрат Жандыбаев