31.03.2017
Алматы әкімі Бауыржан Байбек кезекті көшпелі жұмыс сапарында қаланың жаңарған сауда базарларының жұмыстарын тексерді.
Ол «Көк базар» сауда орталығында және заманауи форматтағы «Mizam» атты алғашқы көтерме- тарату орталығында болды.
«Mizam» орталығының бас директоры Досмұхан Керімбаев компания жүзеге асырған жоба шетелдік тәжірибеге, соның ішінде әлемге танымал француздың атақты «Ранжис» базарының жұмысына негізделгенін айтты.
«Бұл жоба – мемлекеттік- жеке серіктестіктік шынайы үлгісі. Осы жобаны қалақұрылысы кеңесінде қорғаған кезде біз ең төменгі бағалар болады деп уәде берген едік, осы саясатты ұстанамыз», - деді Д.Керімбаев.
«Mizamның» негізгі концепцияларының бірі - жеткізушілермен арадағы делдалсыз, тікелей жұмыс істеу, нәтижесінде тауар бағасы төмен. Жоба мемлекеттік- жеке серіктестік негізінде жүзеге асты, құрылыс толық жеке иневстиция есебінен салынды. Жоба құны 3,1 млрд теңге және мұнда 2 мыңға жуық жұмыс орны құрылған.
Дәл осы күні Алматы әкімі сауда базарларын жаңарту бағдарламасы аясында биылғы жылдың ақпан айында іске қосылған «Көк базар» сауда орталығында болды. Павильон алаңы 20 мың кв.м, оның 10 мың кв метріне сауда алаңы орналасқан, алаңның екінші бөлігінде 400 орынды екіярусты паркинг бар.Жобаның құны 2,5 млрд.теңге, мұнда 500-ден астам жаңа жұмыс орны пайда болды.
Естеріңізге сала кетейік, Алматыда сауда орындарын қауіпсіздік пен санитарлық норманың барлық талаптарына сай келетіндей етіп жаңа форматқа көшіру жұмыстары кең қарқын алған еді.