19.09.2017
Президент Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ-ның жұмысын жетілдіруді Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі жеті негізгі басымдықтарының бірі болып жариялады. БҰҰ реформасы бойынша Декларация Қазақстанның осы саладағы негізгі көзқарастарына сәйкес келеді.
«Жаһандық сын-қатерлер туындауы жалғасады, ал Ұйым икемді, әрі тиімді бола білмесе, ол әлемнің түрлі қақтығыстар мен дағдарыстар және олардың зардаптарынан азап шегіп отырғандарға неғұрлым қатты әсер етеді», - деп Н. Назарбаевтың «Әлем. XXI ғасыр» манифесінде атап өтілді.
АҚШ бастамасымен дайындалған декларация Бас хатшының рөлін күшейту, БҰҰ бүкіл жүйесінің есеп беруін және ашықтығын арттыру, менеджмент сапасын көтеру, Ұйым құрылымдары арасындағы қосарланушылықты азайту, персоналды басқару және бюджеттік жоспарлауды жетілдіру сияқты реформалар бағыттарын қамтиды.
Сонымен қатар, құжатта мүше мемлекеттер мен БҰҰ Хатшылығы арасындағы әріптестік қатынастар мен сенімді нығайту маңыздылығы атап көрсетіледі.