13.06.2017
Осындай маңызды іс-шараға Қазақстан Парламенті, Үкіметі мен БҰҰ қонақтары қатысты.
ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде БҰҰ барлық салалардағы ынтымақтастық үшін қайталанбас ұйым болып табылатынын атап өтті.
«Біз осындай маңызды оқиғаның куәгері болып отырмыз. ЭКСПО-2017 көрмесі аясында Біріккен Ұлттар Ұйымының павильоны ашылды. Қазақстан үшін БҰҰ бірегей және маңызды әріптес болып табылады. Сондай-ақ, біз болашақта әр түрлі салада ынтымақтастық жасап қана қоймай, әріптестігімізді нығайтамыз да. Бірнеше күн бұрын Президентіміз Н. Назарбаев БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттеришпен кездескен еді. Бұл өте нәтижелі кездесу болды, тараптар маңызды интеграциялық, сыртқы, халықаралық саясат мәселелерін талқылады», - деді Қ. Тоқаев.
БҰҰ Бас комиссары – БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі Джихан Султаноглу осы көрме барлық әлемде жаңа, жасыл технологияларды дамытуға ынталандырып, бағыт беретінін атап өтті.
«БҰҰ Қазақстанмен тығыз ынтымақтастық жасайды және бірінші кезекте біз ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысып отырғанымызға өте қуаныштымыз. Сіздер өте үлкен жұмысты іске асырып отырсыздар. ЭКСПО-2017 көрмесінің «Болашақтың энергиясы» атты тақырыбы ұйым жұмысының энергия, азық-түлік қауіпсіздігі, тұрақты даму, климаттың өзгеруі сияқты бағыттарына да жақын. Бұл біздің жаһандық жылынуға немесе кедейлікке қатысты жаһандық проблемаларды ұғынып, түсінуімізге арналған хабарлама болып табылады. Көпшілігіміз қолайлы жағдайларда өмір сүріп жатырмыз, бізде электр қуаты, ыстық су және ауыз су бар. Алайда, 1,3 млрд адамның энергияға қолжетімділігі жоқ. Жақсы тамақтану үшін жағдайлар жоқ болғандықтан, мектепке бара алмай жүрген балалар да бар», - деді ол.
ЮНИДО (Өнеркәсіптік даму жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымы) Бас директоры Ли Янг барлық елдерді жасыл технологиялар саласында бірігіп жұмыс істеуге шақырды.
«Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесі – бұл жалпы мақсатқа апаратын бір қадам. «Болашақтың энергиясы» тақырыбы әрқашан өзекті болады және біз жер бетіндегі адамдардың барлығы ең жақсы жағдайларда өмір сүруі үшін бар күшімізді салатын боламыз», - деді Ли Янг.
Іс-шара аясында, сондай-ақ, белгілі қазақстандық «ARTиШОК» театрының «Тұрақты даму мақсаттары және Болашақтың энергиясы» тақырыбына шоу-бағдарламасы да ұсынылған.
БҰҰ қонақтары тұрақты энергетика тақырыбының визуалды бейнесін көрсеткен халықаралық ұйымдар павильонының жұмыстарымен танысты.
Мұнда БҰҰ павильоны аумағында ұсынылған БҰҰ-ның барлық қабырғалары бойынша саяхат ұйымдастырылды.
Бұдан бөлек, бүгін жаңартылатын энергияны қаржыландыру және ғылымды, технологиялар мен ақпаратты дамыту арқылы оның пайдаланылу тиімділігін қамтамасыз ету мәселелерін қозғайтын «Тұрақты дамуға арналған энергия» атты жұмыс сессиясының отырысы жоспарланып отыр. Сессияға БҰҰДБ, ЮНИДО, ЮНИСЕФ, АТМЭӘК сияқты халықаралық ұйымдардың белгілі ғалымдарының, жоғары өкілдері мен мамандарының қатысуы күтілуде.
Ақбота Күзекбай