04.10.2014
Сапардың алғашқы күні Қ.Тоқаев ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Бас хатшысы Оливер Спенсермен, Женева саясат және қауіпсіздік орталығының, Миналарды зақымсыз залалсыздандыру жөніндегі Женева халықаралық орталығы және Қарулы күштерді демократиялық бақылау жөніндегі Женева орталығының қызметкерлерімен кездесті.
3 қазанда Сенат Төрағасы Қ.Тоқаев Женева Дипломатия және халықаралық қатынастар институтының тыңдаушыларының алдында «Қазақстан және Еуразиядағы Ұлы Жібек жолы дипломатиясы» тақырыбы бойынша сөз сөйледі. Шараға институт тыңдаушылары, профессорлық-оқытушылар құрамы және оқу орнының басшылығы қатысты.
Сенат Төрағасы адамзат тарихындағы алғашқы жаһандану жобасы болып табылатын Жібек жолы құбылысының ауқымы мен мән-маңызы және оның қазіргі заманда қайта түлету мүмкіндіктері туралы әңгімеледі.
Парламенттің жоғарғы Палатасының Басшысы жаңа тарихи геосаяси жағдайлардағы Жібек жолы дипломатиясының маңызды өлшемдерінің бірі ретінде оған қатысушылардың бәрінің қауіпсіздігі мен орнықты дамуын қамтамасыз ету мәселелерін атап өтті.
Қ.Тоқаевтың пікірінше, «бұл міндеттерді шешуге деген Қазақстанның елеулі үлесі ретінде біздің еліміздің Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары Кеңесі, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі, G-GLOBAL секілді сыртқы саясаттағы бастамаларын атап айтуға болады».
Қ.Тоқаев Жібек жолы идеясын қайта түлетудің негізгі үш бағыт-бағдарын атап көрсетті: Қытайдың «Жібек жолының бойындағы экономикалық белдеу» тұжырымдамасы және америкалық «Жаңа Жібек жолы» жоспары, сондай-ақ Президент Н.Назарбаевтың еуразиялық идеясы.
Сенат Төрағасы «Президент Н.Назарбаевтың еуразиялық идеясы біздің халықтарымыздың тарихы, мәдениеті, тілінің ортақтығына, бұрынғы КСРО республикаларының бірін-бірі өзара толықтыратын ұлттық экономикасына негізделді, бұл олардың ықпалдасуын елеулі дәрежеде жеңілдетті», - деп атап өтті.
Сол күні Женевадағы БҰҰ Ұлттар Сарайындағы «Қазақстан» залында Қазақстан Республикасы Сенатының Төрағасының «Reflections at the United Nations» («БҰҰ-дағы толғаныстар») кітабының тұсаукесері болды. Кітапта Қ.Тоқаевтың БҰҰ Бас Хатшысының орынбасары, БҰҰ Женева бөлімінің Бас директоры және Қарусыздандыру жөніндегі конференцияның Бас Хатшысы болған кездегі негізгі сөздері, мақалалары мен сұхбаттары жинақталған