09.07.2014
Әлемнің 147 елінен 10 мыңнан астам делегат қатысқан VII Астана экономикалық форумы мен Дағдарысқа қарсы II дүниежүзілік конференцияның табысты өтуіне орай Қазақстан Президентінің атына құттықтаулар келіп түсті.
Халықаралық консультативтік кеңестің мүшелері – Австрия Республикасының экс-федеральды канцлері Альфред Гузенбауэр мен Европалық комиссияның экс-төрағасы және Италия премьер-министрі Романо Проди өз хаттарында осыншама ауқымды іс-шараның өтуімен құттықтаған, сондай-ақ Форум барлық жерде құрметке ие болғанын, әлемдік көшбасшылар мен жетекші сарапшылар арасында барған сайын зор қызығушылық туғызып отырғанын атап өткен.
Хорватия экс-президенті С.Месич Астана форумының мейлінше өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелерді талқылаудағы маңызды рөлін атап көрсеткен.
Болгария Республикасының экс-президенті, Венадағы Жаһандық диалог және ынтымақтастық орталығының президенті П.Стоянов Астана экономикалық форумын әлемдегі негізгі экономикалық оқиға санатына жатқызды.
Құттықтаулары мен жылы лебіздерін жолдағандардың қатарында сондай-ақ БҰҰ Бас ассамблеясының 67-төрағасы В.Еремич, Халықаралық валюта қорының атқарушы директоры Д.Хеллер, Еуропа қайта құру және даму банкінің Түркия, Шығыс Еуропа, Кавказ және Орталық Азия елдері жөніндегі басқарушы директоры О.Декамп, Майкрософтың Орталық және Шығыс Еуропа елдеріндегі директоры, бас менеджер Т.Хирано, Дүниежүзілік сауда ұйымы Бас директорының орынбасары Д.Шарк, Салық және инвестициялардың халықаралық орталығының (АҚШ) президенті Д.Уитт, Халықаралық сауда орталығының атқарушы директоры А.Гонсалес, Өнертапқыш әйелдер мен кәсіпкерлердің дүниежүзілік қауымдастығының президенті М.Хан, Xerox компаниясының вице-президенті Ч.Брукс және CBS News вице-президенті Ш.Херберт бар.