16.10.2014
«Біз қысқартуға ілігетін жеңілдіктерді анықтадық. Олар уақытша, жекелеген және ДСҰ-ға енуге кедергі келтіретін жеңілдіктер», - дейді М.Құсайынов.
Бұрындары да айтылғандай, Қазақстан Үкіметі қолданыстағы салықтық жеңілдіктерді тексеру мен олардың тиімділігін бағалау жұмыстарын тәмамдады. «Салықтық жеңілдіктердің жүргізілген тексерістері нәтижесінде салық салу заң жобасынан 200 млрд теңгеден астам сомадағы жеңілдіктерді алып тастау ұсынылуда», - дейді вице-министр.
Оның айтуынша, салықтық тексерістер тікелей тартылатын шетелдік инвестиция ағымына оң әсер етпек.
«Қазақстанда тәуелсіздік жылдары тартылған жалпы инвестиция ағымының 50 пайызы соңғы 4 жылда тартылған. Үдемелі индустриялды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырғалы бері өңдеуші секторға соңғы төрт жылда оған дейінгі 16 жылда тартылған инвестиция көлемі құйылған», - дейді ол.
Құсайыновтың айтуынша, инвесторлар тарапынан Қазақстанға деген қызығушылық соңғы жылдары ерекше қарқынмен өсуде. Шетелдік тікелей инвестиция ағымы елде тұрақты өсім қарқынын ұстап тұр. Ал әлемде негізінен тікелей тартылатын инвестиция азайып келе жатқаны анық.
«Сонымен қатар, биыл Қазақстанға инвестиция тарту үшін Салықтық Кодекске бірқатар нормалар қабылданды. Олар инвестициялық келісімнің мерзіміне инвестициялық келісімнің салықтық төлемінің тұрақтылығын қарастырады. Бұл кемінде қол қойылған уақыттан бастап 10 жыл өз күшінде болуы керек», - дейді Құсайынов.
Ведомствоның мәліметінше, инвестициялық жобаларды қолға алатын инвесторларды жер, мүлік және корпоративті табыс салығынан босату қарастырылуда.
Камила Амирова