31.08.2017
ЕЭК-те хабарлағандай, "ЕАЭО халықаралық ынтымақтастығының бағыттары. Бизнес үшін мүмкіндіктер" дөңгелек үстелі халықаралық әріптестік саласындағы жетекші сарапшыларды, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер мен үшінші елдердің іскерлік топтарының өкілдерін жинады.
ЕЭК Интеграцияны дамыту департаментінің директоры Сергей Шухно Комиссияның шетелдік мемлекеттердің үкіметтерімен бірлесіп жұмыс істейтінін айтты.
«Меморандум форматы ЕАЭО мен шетелдік мемлекет арасында диалогты бастау үшін оңтайлы болып табылады. Осы уақытқа дейін мұндай құжаттарға Греция, Монғолия, Молдова, Чили, Перу, Сингапур және Камбоджамен қол қойылған, Бангладеш, Куба, Таиланд, Марокко және басқа да бірқатар мемлекеттермен осындай құжаттарға қол қою пысықталуда», – деп мәлім етті Сергей Шухно.
Бұдан бөлек, Еуразиялық даму банкі Интеграциялық зерттеулер орталығының директоры Евгений Винокуров Одақтың болашағында ЕО мен ҚХР рөлдерін атап өтті.
«ЕО-мен ынтымақтастықтың барынша бейсаясат бағыттарын дамыту қажет, олардың арасында техникалық реттеу, визалық өзара қарым-қатынас мәселелері, кедендік әкімшілендіру, көлік саласындағы өзара іс-қимыл мәселелері бар», - деп атап өтті ол.
Сондай-ақ, Евгений Винокуров Қытайды ЕАЭО-ға тікелей инвестициялар салу бойынша көшбасшы деп атады. Оның мәліметінше, ҚХР Одақ елдеріне жалпы алғанда 26 млрд доллар салған, оның 21,5 млрд доллары Қазақстанға салынған.
Дөңгелек үстел соңында Сергей Шухно іскерлік топтар ЕЭК халықаралық қарым-қатынас желілері бойынша іс-шараларға қатысатынына сенім білдіріп, 2017 жылдың соңына дейін болатын оқиғаларды атап өтті.