14.03.2017
«Еуразиялық экономикалық одақта (ЕАЭО) табиғи монополияларды реттеу саласындағы «жол картасы» жобасын 2017 жылдың соңына дейін ЕАЭО елдерінің үкімет басшылары деңгейінде қабылдау жоспарланып отыр. Ол үшін ЕЭК көлік және инфрақұрылым департаменті құжаттың биылғы жылдың 1 маусымына дейін әзірленуін қамтамасыз етуі тиіс», - деп хабарлады Еуразиялық экономикалық комиссия.
Отырысқа қатысушылар Одақ елдері ЕАЭО туралы шартта айқындалған мақсаттар мен міндеттерді іске асыруды бастағанын атап өтті.
«Осы жолдың маңызды кезеңдерінің бірі – табиғи монополиялар саласындағы заңнамаларды жақындату. Нәтижеге қол жеткізу үшін барлық негізгі мерзімдер мен нақты шаралар жиынтығы белгіленетін «жол картасы» қажет», – деді ЕЭК көлік және инфрақұрылым департаментінің директоры Ержан Нұрахметов.
Қырғыз Республикасының Үкіметі жанындағы Монополияға қарсы реттеу мемлекеттік агенттігі директорының орынбасары Кенешбай Тайлақов айтып өткендей, осы жылдың ақпанында «Қырғыз Республикасындағы табиғи және рұқсат етілген монополиялар туралы» заңына енгізілген өзгерістер күшіне енді, ал Қырғызстанның нормативтік базасы ЕАЭО қалыптасуы ескеріле отырып, Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістіктің құқықтық базасына сәйкестікке келтірілген.
Кездесуге қатысушылар 2016 жылы ЕАЭО елдеріндегі табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеу жүйелері мен практикаларына салыстырмалы талдау жүргізу жөніндегі жұмыстардың нәтижелерін мақұлдады. Ақпарат Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңестің қарауына ұсынылатын болады.