22.12.2014
Елбасы ешқандай мемлекетпен арамызда шешілмейтін дауымыз жоқ екендігін атап өтті. Шекарамыздың барлығы сызылған, делимитацияланған, демаркацияланған.
«Елдер түрлі блоктарға кіруі мүмкін, бірақ ол қазіргі заманда кең ауқымды ықпалдастыққа кедергі келтірмейді. Мысалы, НАТО әскери блок болып саналады, бірақ бұл ұйымның құрамындағы мемлекет барлық өзге елдермен қарым-қатынас жасайды.Қазақстан ҰҚШҰ-ға мүше. Бұл – қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге, яғни лаңкестікке, экстремизмге, есірткі трафигіне, халықаралық қылмыстарға қарсы әскери-саяси блок. Шартта бір тармақ бар, оған сәйкес қатарындағы біреуіне басқыншылық жасалған жағдайда, мемлекеттер бірлескен қорғаныс туралы шешім қабылдайды», - деп атап өтті Президент.
Елбасы атап өткендей, біз көпвекторлы саясатымыздан бас тартпаймыз, оған негіз жоқ. «Қазақстан 1 қаңтардан бастап Еуразиялық экономикалық одаққа кіреді. Оған қоса, біз Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру қарсаңында тұрмыз. Сондай-ақ біз Еуропалық одақпен кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісім бойынша келіссөздерді аяқтадық. Біз қол қойған барлық шарттарда, соның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта да бұның үшінші мемлекетпен қарым-қатынасымызға кедергі келтірмейтіні туралы айтылған», - деді Н.Назарбаев.