09.10.2014
Қ.Тоқаев құжаттың ерекше маңызын атап өтті. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың бастамасы бойынша қол қойылған шарт жаңа геосаяси жағдайда еуразиялық интеграцияны дамытуға бағытталған.
«Еуразиялық экономикалық одақ – бұл терең экономикалық ынтымақтастықты көздейтін аса үлкен жоба. Одақ шеңберінде ортақ нарық құрылып, инвестициялар тартуда, жаңа өндіріс орындарын ашуда, ең бастысы, халықтың әл-ауқатын арттыруда тың мүмкіндіктер туындайтынына сенім мол», - деді Қ.Тоқаев.
Сенаттың баспасөз қызметі хабарлағандай, жан-жақты талқылау барысында сенаторлар шарт Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер халқының өмір сүру деңгейін арттыру мүддесінде мемлекеттер экономикаларының тұрақты дамуы үшін жағдай жасауға, сондай-ақ тауарлар, көрсетілетін қызметтер, капитал және еңбек ресурстарының бірыңғай нарығын қалыптастыруға, жаһандық экономика жағдайында ұлттық экономикалардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталғанын атап өтті.
«Шартты ратификациялау экономикалық ықпалдастықты одан әрі тереңдетуге және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің ынтымақтастығына септігін тигізеді және өткізу нарығын кеңейту мен инвестициялық тартымдылықты арттыру негізінде Қазақстанға қайта өңдеу өндірістерін дамытуға, газ тасымалына, теміржол, автомобиль инфрақұрылымына қолжетімділікті қамтамасыз етуге, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер нарығына отандық тауарлардың шығуына кедергілерді жоюға мүмкіндік береді. Сенат бұл шартты ратификациялады», - делінген хабарламада.