19.10.2017
Ширек ғасыр ішінде Астана мен Ватикан арасындағы саяси диалогтың, мәдени-гуманитарлық және ғылыми ынтымақтастықтың серпінді дамуына қолайлы жағдай жасалды. Екі мемлекеттің бейбітшілік пен тұрақтылықты, дінаралық және конфессияаралық диалогты нығайту бойынша әріптестігі екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың күн тәртібінде ерекше мәнге ие.
Тұрақты және сенімге негізделген жоғары деңгейдегі саяси диалог тараптардың ынтымақтастықты нығайтуға деген өзара ұмтылысының айғағы болып табылады.
Достық пен түсіністікке негізделген мемлекетаралық қатынастардың басты бағыттары Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың 1998, 2003 және 2009 жылдарда Ватиканға жасаған сапарлары аясында айқындалды.
Рим Папасы Иоанн Павел II-нің 2001 жылғы қыркүйектегі Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары екіжақты қатынастардағы айтулы да тарихи оқиға болып табылады.
«Қазақстан өркениеттер арасындағы диалогты дамыту, мәдени және этносаралық тұрғыдан әлем халықтарын жақындастыру бойынша Қасиетті Тақты маңызды әріптес ретінде қарастырады. Бүгінде Қазақстанда өзінің діни және ұлттық бірегейлігін, тілі мен мәдениетін сақтай отырып, біздің қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді нығайтуға маңызды үлес қосатын 130 мыңнан астам католиктер тұруда», - делінген құжатта.
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің белсенді қатысушысы ретінде Қасиетті Тақ дінаралық диалог және конфессияаралық келісімді нығайтуға бағытталған қазақстандық бастамаларға жан-жақты қолдау көрсетуде.
Астанада өткен ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне Ватиканның «Жалпы игілікке арналған энергия: ортақ үйімізге қамқор» тұжырымдамасымен қатысуы дипломатиялық қарым-қатынастардың 25 жылдығы кезеңіндегі айтулы оқиға болды. Энергия мен тіршіліктің жасампаздығын паш ете отырып, Ватикан жаһандық энергияны адамзат пен бейбітшілік игілігіне пайдалануға, сондай-ақ энергия көздері баршаға қол жетімді болуы үшін барлық діндер арасындағы ынтымақтастыққа шақырды.
Қазақстан Ватиканмен достық пен ынтымақтастықты одан әрі нығайту бағытына, ашық және өзара тиімді ықпалдастықты кеңейтуге толықтай бейілді.