• usd 0.00%
    432.93
  • eur 0.00%
    496.18
  • rub 0.00%
    5.7
  • gbp 0.00%
    587.4
  • cny 0.00%
    68.07
Қарағандыда Грузияның Құрметті консулдығы ашылды 15.09.2017

Оған қазақстандық ауыр атлетика Федерациясының президенті Жанат Түсіпбеков басшылық етеді, ал мекеменің орналасу жері С.Сәпиев атындағы Бокс орталығы болады.

"Ондаған жылдардан бері Грузия мен Қазақстан арасында достық қарым-қатынас орнаған. Қазақстан Орталық Азиядағы ең қарқынды дамып келе жатқан мемлекеттердің бірі ретінде Грузия үшін ең маңызды стратегиялық серіктес болып табылады. 2005-ші жылдан 2016 жылға дейінгі аралықта Қазақстаннан Грузияға бағытталған тікелей жаппай инвестициялар ағымы 343 млн АҚШ долларын құраған", - деді консулдықтың ашылу салтанатында Грузияның ҚР-ғы Төтенше және Өкілетті елшісі Зураб Абашидзе. 

Дипломат грузиялық кәсіпкерлердің индустриялық  аймақ ретінде Қарағанды облысына деген қызығушылығы мол екенін атап айтты. 

"Өзінің экономикалық, мәдени, ғылыми әлеуеті, инфрақұрылымының дамығандығымен облыс Қазақстанда алдыңғы қатарлы орындарда. Консулдық мекеменің ашылуы бизнесмендер арасында тығыз байланыс орнатуға, сондай-ақ Қарағанды облысында тұратын отандастарымызды қолдауға септігін тигізеді", - деді З. Абашидзе.

Қарағанды облысы әкімінің атынан жиналғандар алдында оның орынбасары Алмас Айдаров сөз сөйледі. Ол да Құрметті консулдықтың ашылуы екіжақтық қарым-қатынасты дамытуға түрткі болатынын атап өтті. 

"Бізде инвесторлардың жұмысы үшін жақсы негіз құрылған. Соңғы 8 айдың қорытындысы бойынша біздің облыс пен Грузияның арасындағы тауар айналымы 1млн АҚШ долларын құраған. Аймағымыз Грузияға металл илектерін және тас көмір экспорттайды, ал сіздерден бізге азық-түлік пен шарап жеткзіледі. Облысымызда грузиялық бизнестің қатысуымен жұмыс істейтін бірлескен кәсіпорындар бар. Экономикалық ынтымақтастық әлеуеті жоғары", - деді облыс әкімінің орынбасары.

Жанат Түсіпбеков екі ел арасында өзара тиімді қарым-қатынасты нығайтуға бар күш-жігерін салатынын жеткізді. Құрметті консулдың айтуынша ол өз алдына мәдени, туристік және сауда алмасуды нығайтуды мақсат ретінде қоймақ.

"Грузия қазақстандық бизнес пен инвестициялар үшін тамаша экономикалық және логистикалық байланыс бола алады, жәнеде әрі қарай Еуропаға бағыт алуы мүмкін", - деп болжайды ол. 

Қонақтар дәстүрлі түрде лента кесті. Сонан соң Грузияның инвестициялық және туристік мүмкіндіктері келтірілген бизнес-форум өтті. Салтанатты шара түрлі халықтар мәдениетінің әсемділігі мен байлығын көрсете білген шығармашылық ұжымдар қатысқан концертпен аяқталды. 


Back to the list