06.09.2017
СІМ хабарлағандай, қазақстандық дипломат елдегі экономикалық, саяси және конституциялық реформалардың барысы жөнінде сұхбаттасушыны хабардар етіп, екіжақты ынтымақтастықты дамыту үшін сенімді базаны құруға тиісті парламентаралық байланыстарды одан әрі нығайтудың және тұрақты саяси диалогты қолдаудың маңыздылығы жөнінде атап көрсетті.
Сұхбат барысында Жапония парламентшісі гендерлік теңдік, әйелдер құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту, аналардың денсаулығы және қарт адамдарды әлеуметтік қамтамасыз етудің сапалы деңгейін арттыру сияқты ХҚДАПФ үшін басым болып табылатын бағыттар бойынша Қазақстанмен ынтымақтасуға деген мүдделілігін айтты.
К. Такемидің пікірінше, Қазақстанның қарқынды даму үстіндегі экономикасы және жылдам өсіп бара жатқан халық саны үшін жастарды тәрбиелеу мәселелері мен олардың әлеуметтік рөліне мән беру маңызды.
К. Такеми атап өткендей, Қазақстан-Жапония қарым-қатынастары Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап өзара түсіністік және әріптестік рухында дамыды. Бұл тұрғыда Жапония депутаты 1999 жылы Қырғызстанның тауларында «Өзбекстан Ислам қозғалысы» (ӨИҚ) террористік ұйымының кепіліне алынған төрт жапон инженер-геологын босатудағы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бітімгершілік рөлін үлкен ілтипатпен атап көрсетті.
К. Такеми 1999 жылғы тамызда Жапонияның Парламенттік сыртқы істер-вице министрі лауазымында қызмет еткен кезінде ҚР Президенті Н Назарбаевтың ресми қабылдауында болып, жапон азаматтары туралы айтқанын еске түсірді.
Оның айтуынша, сол уақытта Мемлекет басшымыздың шешуші іс-әрекеттері, атап айтқанда Қазақстан Президентінің арнаулы қызметтердің күш-жігер жұмсауын үйлестіру мақсатында тез арада ҚР Қауіпсіздік Кеңесіне тапсырма бергені және Қырғызстан мен Тәжікстанның басшылығымен байланысқаны Жапония тарапына ерекше әсер қалдырды.
Сұхбат соңында К. Такеми екі елдің заң шығару органдары арасындағы өзара іс-қимылды тереңдету маңыздылығы, тұрақты өткізіліп отыратын консультациялардың, екіжақты және көпжақты форматтардағы, оның ішінде халықаралық ұйымдар шеңберіндегі байланыстардың зор мәнділігін атап өтті.
Айта кетейік, 1999 жылғы тамызда ӨИҚ содырларының Тәжікстан аумағынан кәсіби содырларды дайындауға пайдаланылған солтүстік-шығыс жаттығу лагері - Қырғызстан аумағына (Баткент ауданы) басып кірген болатын. Саны 500-ге жуық содырлар отряды Қырғызстан Республикасы ІІМ-нің бірнеше жоғары лауазымыды қызметкерлерін, оның ішінде төрт жапондық инженер-геологты кепілге алған. 1999 жылғы 5 қазанда тұтқынға алынған жапондықтар босатылды.