24.08.2017
Орынбор облысының губернаторы Юрий Берг пен Ульяновск облысы үкіметі төрағасының орынбасары Дмитрий Богданов бастап келген делегацияның тағы бір мақсаты – Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың шақыруымен сәрсенбі күні, 23 тамызда Астанада өткен «ЭКСПО-2017» көрмесінде болу.
Бұдан өзге, делегация басшылары «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-ның басқарма басшысы Ахметжан Есімовпен және Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевпен кездесті.
Кездесу барысында ресейлік қонақтар «ЭКСПО-2017» көрмесі Қазақстанның әрі қарайғы дамуына күшті импульс болатынына сенім білдіріп, көрменің ауқымдылығына таңданғандарын атап өтті.
«Соншалық орасан зор, ауқымды екенін тіпті бағалау да қиын. Бастысы – бұл болашаққа. Осы ұлы оқиға туралы әлі талай айтып жүретін болады,-деп сенім білдірді Юрий Берг.
Ол халықаралық көрменің қазірдің өзінде өңірлер арасындағы өзара әрекетті нығайтуға жағдай жасайтынын баса айтты. Атап айтқанда, Орынбордың дарынды балалары Ақтөбе және Орынбор облыстарының өңіраралық ынтымақтастығы аясында «ЭКСПО-2017» көрмесінде болып қайтты.
Қонақтар «ЭКСПО-2017» көрмесінің 2,5 мың шаршы метрлік аумаққа құлаш жайған бірегей мәдени-туристік және имидждік жобасы - «Этноаул» ұлттық кешенімен де танысты.
Сапардың қорытындысын жасаған Бердібек Сапарбаев еліміз арасындағы дәстүрлі достық қарым-қатынасты атап өтті.
«Мемлекеттеріміздің басшылары қашан да Қазақстан мен Ресейдің бір-бірін қолдаулары тиіс стратегиялық серіктестер екендерін баса айтады. Өңірлеріміз өзара қарым-қатынастың барлық спектры бойынша ынтымақтастықты, соның ішінде экономика, мәдениет, спорт пен білім салаларын әрі қарай дамытуға ниетті. Сондықтан, біз ресейлік әріптестерімізге алдыңғы қатарлы технологияларды көрсету үшін, оларды ЭКСПО-ға арнайы шақырдық. Біз бүгін көрген инновацияларды біздің болашақтағы ынтымақтастығымызда міндетті түрде ескеретін боламыз»,-деді Б.Сапарбаев.
Сондай-ақ, қонақтар Астанадағы «Ұлттық мұражайда», «Астана опера» театрында және «Барыс Арена» мұз сарайында болды.
Еске салайық, «ЭКСПО-2017» халықаралық арнайыландырылған көрмесі осы жылы 10 маусымда басталған болатын. Оған 115 ел мен 22 халықаралық ұйымдар қатысуда. Бүгінде тәуелсіз Қазақстанның ең ауқымды жобасына 80 мың ақтөбелік барып үлгерді.