10.08.2017
«Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия Президенті Режеп Таийп Ердоған тығыз ынтымақтастық қарым-қатынаста. Қазақстан мен Түркия бауырлас елдер екені мәлім. Екі ел арасындағы ынтымақтастыққа биыл 25 жыл толған болатын. Екі ел арасында жыл санап инвестициялық, экономикалық салалар бойынша келісім артуда. Соңғы 10 жылда Түркиядан Қазақстанға түскен тікелей инвестиция құны 2,1 млрд АҚШ долларын құрады. Сонымен қатар, түркиялық капиталдың қатысуымен 1800 бірлескен кәсіпорын жұмыс істеуде. Бүгінгі іскерлік кеңес, қатысушыларға болашақта ынтымақтастықты жалғастыруға үлкен мүмкіндік сыйлайды», - деді Инвестициялар және даму вице-министрі Ерлан Хаиров
Өз кезегінде Түркияның экономика министрі Нихат Зейбекджи Түркия мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатқанын және Астанадағы ЭКСПО көрмесі жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын тілге тиек етті.
«Бүгін ЭКСПО-2017 көрмесіне барып, тамашаладық. Өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған шара. Барлығына бір адамдай бірдей жағдай жасалған. Қазақстан аталмыш шараны өткізіп жатқанын мақтан тұтамын. Вице-министр айтып өткендей, қазақ-түрік компаниялары арасында инвесторлар еңбегінің нәтижесінде 2 млрд-қа жақын өзіндік инвестиция жиналды. Оны одан әрі жетілдіруге болады. Қазақстан мен Түркия әркез бір-бірімен байланыста жүреді. Қазақстан мен Түркия физикалық тұрғыдан да, рухани жағынан да әркез байланыста болуы керек», - деді Нихат Зейбекджи .
Сондай-ақ, ол айтып өткендей, екі елдің ынтымақтастықтағы жолы егіз болуы тиіс.
«10 қыркүйек күні Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған Қазақстанға келеді. Бұл сапар біз үшін өте маңызды. Себебі, бұл сапардан кейін біздің қарым-қатынасымыздың жаңа дәуірі басталады. Біз Конституциямызға өзгеріс енгізген болатынбыз. Енді біздің дамуымызға ешбір кедергі жоқ. Ынтымақтастықтың жаңа дәуіріне аяқ басуымызға болады», - деді Нихат Зейбекджи.
Түркия экспорттаушылар қауымдастығы төрағасының орынбасары, түркиялық бизнес делегацияның басшысы Мстафа Чыкрыкчоглу айтып өткендей, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясында барлық сала бойынша даму қажеттігі көрсетілген. Мұстафа мырза аталмыш Стратегия аясында екі елдің ынтымақтастығы нығая түскенін қалайтынын жеткізді.
«Біздің экспорттаушы кәсіпорындарында 3 млрд-тан астам кәсіпкер жұмыс істейді. Екіжақты кездесуде біздің кәсіпкерлер географиясын кеңейтіп, бірлесіп жұмыс істейтін басымдықтағы жобаларды алға тартады деп үміттенемін. Қазақстан Азияның жүрегінде орналасқан. Оның өнеркәсіптегі әлеуеті зор. Қазақстанда жүзеге асырылған барлық реформалар инвесторларға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік беріп, шетелдік инвесторларға қолайлы жағдай туғызды. Өнеркәсіптің әртүрлі салаларында өзгерістер болды, мұнай-газ өнеркәсібінде ғана емес, жалпы экономика әртараптандырылды. Бұл біз үшін өте қуанышты жағдай. Сыртқы саудаға келетін болсақ , 2015 жылмен салыстырғанда біздің Қазақстанға деген экспортымыз 200 млн долларды құрады. Бұл металл, металл қорытпалары мен өнеркәсіп материалдары. Ал, өндіріске келетін болсақ, қондырғылар мен азық-түлік құрылғылары, кешендік құрамдар мен ауыл шаруашылығы көліктерінің бөліктері экспортталды. Осы салаларда біз өте белсенді ынтымақтастық орнаттық. Біздің Қазақстанға экспортымыз әлі де аз, оны арттыруға болады. Екі ел арасындағы ынтымақтастықтың нығаюына екі елдің Президенттері үлкен үлес қосып отыр. Осы орайда, Қазақстан Президентіне алғыс айтқым келеді. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясында барлық салада даму қажеттігі көрсетілген. Осы Стратегия аясында екі елдің ынтымақтастығы нығая түсуін қалаймыз», - деді Мұстафа Чыкрыкчоглу.
Ал, Қазақстан-Түрік іскерлік кеңесінің Түркия тарапынан тең төрағасы Мерт Сары ел Президенттерінің саяси еркіндігінің нәтижесінде екі ел арасындағы ынтымақтастық қарқындай түскенін жеткізді.
«Біздің іскерлік қарым-қатынасымыз ел Президенттерінің саяси еркіндігі аясында дамып жатқанын жиі айтамыз. Тұрақты даму, нарықтық даму, салаларды әртараптандыру сәтті реформа жасауға мүмкіндік беріп, инвестициялық ахуалды жақсарта түседі. Көптеген шаралар Қазақстан аймағында өткізіледі. Астана қаласында саясаткерлер мен дипломаттар кездесіп, күрделі мәселелердің шешілуі бойынша жұмыс істеді. 2012 жылдың 22 қарашасында Бельгия ЭКСПО-ны өткізуге үміткер болған. Алайда, бұл сайыста Астана жеңімпаз атанды. 10 -маусым мен 10 -қыркүйек аралығында өтетін көрменің ұйымдастырылуына куә болдық. Бүгінгі таңда көрмеге барған адамдар тамсанды, себебі көрменің тақырыбы маңызды, жаңа технологиялар қолданған. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, көрме қондырғылары «Астана» халықаралық қаржы орталығының иелігіне беріліп, экономика саласына одан әрі жұмыс істейтін болады», - деді Мерт Сары.
Айта кетейік, форум қорытындысы бойынша бірқатар келісімшартқа қол қойылып, бірлескен жобалар жүзеге асырылады деп күтілуде.
Аягөз Құрмаш