• usd 0.00%
    432.93
  • eur 0.00%
    496.18
  • rub 0.00%
    5.7
  • gbp 0.00%
    587.4
  • cny 0.00%
    68.07
Қазақстан және Қытай ғалымдары бірігіп ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа түрлерін әзірлейді 08.08.2017

"Қазақстан және Қытай (Хэнань) арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық" форумы ЭКСПО-2017 көрмесі базасында Қазақстан-Қытай өзара ынтымақтастығы аясында өтуде. ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаеваның айтуынша, Қазақстан мен Қытай арасындағы бірқатар келісімдерге қол қою ауыл шаруашылығы секторындағы дамуға жаңа серпін береді.   

«Хэнань – ҚХР-дың жоғары дамыған провинцияларының бірі, ондағы экономиканың дамуындағы негізгі басымдық - ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібі. Сондықтан, біз осы провинциямен ынтымақтастықты дамытуға ниеттіміз. Бүгін Қазақстан-Қытай бизнес форумына үш облыстың басшылары қатысуда. Бұл Ақмола, Қостанай және Павлодар облыстары, олар ауыл шаруашылығы өнімін өңдеу саласындағы бірлескен жобаларды әзірлеу мен іске асыруды жоспарлап отыр», - деді ол.

Форум аясында бірнеше келісімге қол қойылды. Олардың бір бөлігі ауыл шаруашылығы секторындағы ғылыми әзірлемелер мен инновацияларды енгізу саласында ынтымақтастық жасау мәселелеріне қатысты. Бұдан бөлек, Қытай ауыл шаруашылығы ғылыми орталығы мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы және "Атамекен" ҰКП арасында Ынтымақтастық туралы екі меморандумға қол қойылды. Үш келісімнің барлығы да 60 млн доллар сомасын құрайды.  

«Бұл Меморандумдардың мәні Қазақстан аумағында ауыл шаруашылығы өнімін терең өңдеуді енгізумен байланысты нақты жобаларды іске асыру болып табылады», - деді Гүлмира Исаева.

Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы паркін құру мақсатында Меморандумға қол қойылды. Онда Қазақстан аумағында жаңа технологияларды, ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа түрлерін енгізу көзделеді.  

«Біз фермерлерімізді сапалы бидай өсіруге үйретуіміз керек. Оған қазақстандық және қытайлық ғалымдардың бірлескен жұмыстары көмектеседі», - деп атап өтті вице-министр.         

Оның айтуынша, қазіргі уақытта әлемдік нарықта терең өңдеуден өткен бидай өнімдері үлкен сұранысқа ие.

«Бұл крахмал да, глютен де болуы мүмкін. Сондай-ақ, кондитерлік өнеркәсіп те жақсы дамып келеді», - деп қосты спикер.

Айта кетейік, ЭКСПО-2017 көрмесі аясында апта сайын Қытай провинцияларының апталары өтеді. Осы аптада ЭКСПО көрмесінде жоғарыда аталған Хэнань провинциясының аптасы өтуде.

Ақбота Күзекбай


Back to the list