05.07.2017
Кездесу барысында тараптар Қазақстан-Швейцария қарым-қатынастарының ағымдағы жағдайы мен перспективаларын, сондай-ақ осы жылы Федералды Президенттің Қазақстанға алдағы сапарын талқылады.
Сапар аясында ел басшылығымен, Қазақстанда жұмыс істейтін швейцариялық іскерлік топтармен екіжақты кездесу және ЭКСПО-2017 көрмесінде Швейцарияның ұлттық күніне қатысуы жоспарланып отыр.
Тараптар 2017 жыл Қазақстан-Швейцария қарым-қатынастары тарихындағы ең белсенді және жемісті жылдардың бірі болып табылатынын атап өтті. Қазақстанға үш федералды министрдің, басқа да жоғары лауазымды тұлғалардың, швейцариялық университеттер мен іскерлік топтар өкілдерінің сапарлары күтілуде. Сондай-ақ энергетикалық және ғылыми саладағы, соның ішінде екі ел университеттері арасындағы өңіраралық өзара іс-қимыл, ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Сонымен бірге Ж. Айтжанова Қазақстанның халықаралық бастамалары, елде жүргізіліп жатқан экономикалық жаңғырту, «Жасыл технологияларды» дамыту орталығын құру жоспарлары және ЭКСПО-2017 көрмесінің базасындағы инвестициялық жобалар туралы айтып берді.
Әңгіме соңында Президент Д. Лёйтард Астанаға алдағы сапары екі елдің саяси, экономикалық және ғылыми-техникалық салалардағы қарым-қатынастарын одан әрі дамытуға серпін беретініне сенім білдірді.