20.06.2017
Қазақстан Бас Прокуроры Жақып Асановтың Вьетнам Социалистік Республикасы Ханой қаласына сапары барысында Вьетнамның Бас прокуроры Ле Минь Чи және Қоғамдық қауіпсіздік министрі То Ламмен кездесулер өтті, нәтижесінде экстрадиция туралы және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы мемлекетаралық шарттарға қол қойылды.
Тараптар осы уағдаластық құжаттар арқылы екі елдің құзырлы органдары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, қылмыспен күресте, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге маңызды үлес қосуға үндейтінін атап өтті.
Сапар барысында қазақстандық делегациямен жақын арада үшінші шартқа қол қою, яғни сотталған тұлғаларды беру туралы келісімге келді. Жақып Асанов вьетнамдық әріптестерін Қазақстан прокуратурасы қызметінің басты бағыттары мен артықшылықтары, халықаралық ынтымақтастық саласындағы жетістіктері мен перспективалары туралы хабардар етті.
«Құқықтық салада бізде вьетнамдық әріптестермен ортақ түсінік бар, ал ең бастысы өзара ықпалдастықты күшейту, бір-бірімізге көмектесу, ынтымақтастықты дамытуға ниет бар. Қазақстан және онда тұратын халықтардың гүлденуінің кепілі шетелдердегі біздің достарымызбен белсенді ынтымақтастық болып табылады. Олардың ішінде Вьетнам Социалистік Республикасы маңызды орын алады» , - деді Қазақстан Бас Прокуроры.
Өз кезегінде Бас прокурор мен Қоғамдық қауіпсіздік министрі Вьетнамның құқық қорғау және сот жүйелері туралы ақпаратпен бөлісті, сондай-ақ қылмыстық-құқықтық саладағы екіжақты қатынастарды дамытуға дайын екендігін білдірді. Ведомстволардың басшылары құқықтық саладағы өзара ықпалдастықтың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты.