• usd 0.00%
    432.93
  • eur 0.00%
    496.18
  • rub 0.00%
    5.7
  • gbp 0.00%
    587.4
  • cny 0.00%
    68.07
«Бәйтерек» жобасы бойынша зымыранды ұшыру мерзімі 2022 жылға ауыстырылды 13.06.2017

Премьер-Министрдің Бірінші орынбасарының Хатшылығы хабарлағандай, А. Мамин 2016 жылғы желтоқсанда ҚР Президенті Н. Назарбаевтың РФ-ға жұмыс сапары барысында «Байқоңыр» кешеніндегі одан әрі ынтымақтастық тұжырымдамасына және «1995 жылғы 23 желтоқсандағы   Байқоңыр қаласының мәртебесі  және оның атқарушы билік органдарының мәртебесі  мен қалыптастыру тәртібі туралы мемлекетаралық келісімнің ҚР мемлекеттік органдарының тізбесі бөлігіне өзгерістер енгізу туралы» Хаттамаға қол қойылғанын атап өтті.

«Бұл құжат стратегиялық сипатта және ұзақ мерзімді перспективада біздің ғарыш айлағын бірлесіп дамыту және пайдалану, екі ел мүддесінде жаңа ғарыш жобаларын іске асыру, сондай-ақ Байқоңыр қаласын дамыту бағыттарын айқындайды», - деді ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары.

Үкіметаралық комиссия мүшелері Байқоңыр кешенінің  жұмыс істеуінің, бірлескен жобаларды іске асыру, атап айтқанда, «Бәйтерек» ғарыш зымыраны кешенін құрудың өзекті мәселелерін шешуді көздейтін «Байқоңыр» кешеніндегі одан әрі ынтымақтастық тұжырымдамасын іске асыру барысын талқылады.  

«Бәйтерек» жобасын іске асыруды жеделдету және жаңа зымыранды ұшыру мерзімін 2025-тен 2022 жылға ауыстыру бойынша ресей тарапының ұсынысын қолдаймыз», - деді А. Мамин.  

Тұжырымдама сондай-ақ Байқоңыр қаласының инфрақұрылымын дамыту, қолайлы әлеуметтік-экономикалық орта, жаңа жұмыс орындарын құру, халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету, туризмді және т.б. дамыту бойынша шаралар кешенін қамтиды. Отырыс барысында кешеннің пайдаланылмайтын нысандарын жалға алудан шығару және кәдеге асыру мәселелері қаралды. 2016 жылғы 20 желтоқсанда «Байқоңыр» кешенінің РФ пайдаланбайтын нысандарын кәдеге асыру бойынша пилотты жобаны іске асыру туралы шешім қабылданғандығы атап өтіледі.

Бұдан бөлек, тараптар Байқоңыр қаласын дамытудың 2017-2025 жылдарға арналған бағдарламасы жобасын талқылады. Осы жылғы үшінші тоқсанда Байқоңыр қаласы, Төретам және Ақай кенттерінің тұрғындарына медициналық  қызмет көрсету тәртібі туралы екіжақты құжатқа қол қоюды жеделдету шешімі қабылданды. Сондай-ақ ҮАК отырысында қазақстандық тараптың қаланың дамуын қаржыландыру тәртібімен байланысты мәселелер қаралды.


Back to the list