• usd 0.00%
    432.93
  • eur 0.00%
    496.18
  • rub 0.00%
    5.7
  • gbp 0.00%
    587.4
  • cny 0.00%
    68.07
Өзбекстан ШЫҰ елдері арасындағы өзара сенімді күшейтуді ұсынды 09.06.2017

«Әр түрлі өңірлердегі тоқтамай жатқан қарулы даулар, жаңа сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлердің өсіп келе жатқан ауқымдары біздің елдеріміздің қауіпсіздігіне теріс әсер етуде. Осы аяда біз өңіріміздегі бейбітшілік пен қауіпсіздіктің маңызды құрамдауышы ретінде Ауғанстандағы жағдайды жылдам қалпына келтіру проблемасын қарастырып отырмыз. Өзбекстан ауған халқы мен халықаралық қоғамның осы елдегі бейбіт өмірді қалпына келтіру бойынша күш салуын қолдайды», - деді Ш.Мирзиеев.

Өзбекстанның Президенті бүгінгі таңда халықаралық террористік топтар мен бүлдіргіш күштер өз қызметінде ақпараттық технологияларды белсенді қолдана бастағанын, оларды зорлық-зомбылық идеологиясын тарату мақсатында пайдаланатынын атап өтті.   

«Осыған байланысты, құрылтай құжаттарына өзгерістер енгізіп, ШЫҰ-ның терроризмге қарсы өңірлік құрылымына жаһандық ақпараттық кеңістікте туындайтын қауіп-қатерлерді мониторингілеу және оларға қарсы іс-қимыл жасау жүйесін ұйымдастыру өкілеттігін беруду ұсынамыз. Өскелең ұрпақтың әр түрлі террористік және радикалды құрылымдардың қызметіне тартылуына жол бермеу бойынша нақты бірлескен шараларды күшейту қажет. Жастарды рухани және адамгершілік тәрбиелеуге, олардың білімге және өзін-өзі жетілдіруге деген ұмтылысын қалыптастыруға ерекше көңіл бөлу керек деп ойлаймын. Сондай-ақ, барша адамзатты мейірімділікке, бейбітшілік пен төзімділікке шақыратын Ислам дінінің шынайы құндылықтарын кеңінен түсіндіруге іс-әрекет жасасуды да маңызды деп санаймыз», - деп атап өтті Ш.Мирзиеев.

Өзбекстанның басшысы осы мақсаттарда Самарқандта Ислам ынтымақтастығы ұйымының қолдауымен имам Бухари атындағы халықаралық зерттеу орталығы ашылғалы жатқанын хабарлады.

«Бұл орталықтың жұмысы конфессияаралық, ұлтаралық және дінаралық диалог жасауға мүмкіндік берер еді деп ойлаймыз. ШЫҰ елдерінің дін өкілдері ашылатын орталық жұмысына белсенді қатысатынына сенеміз. Өзбекстан ШЫҰ елдерімен сауда-экономикалық байланыстарды біртіндеп тереңдетуге ниетті», - деді Ш.Мирзиеев.

Сондай-ақ, өзбек басшысы Өзбекстан қытайлық «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында ауқымдық жобаларды бірлесіп іске асыруға үлкен көңіл бөлетінін де айтып өтті.  

«ШЫҰ өңірінің орасан зор әлеуетін ашу біздің ұйымымыздың ең маңызды басымдығына айналуы тиіс. Біздің ойымызша, Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан теміржол құрылысының басталуы біздің елдеріміздің әлемдік нарықтарға шығуының ең қысқа жолын қамтамасыз етуге мүмкіндік берер еді. Өңірдің транзиттік әлеуетін тиімді дамыту бойынша келісілген ұсыныстар әзірлеу үшін ШЫҰ елдерінің теміржол ұйымдары басшыларының тұрақты кездесу механизмін реттеуді ұсынамыз», - деп атап өтті Ш.Мирзиеев.

Өз сөзін аяқтай келе, ол өзбек тарапы ғылым және техника саласындағы ынтымақтастықтың басым бағыттарының болашақ тізбесін әзірлеуді, оларды қаржыландыру мен іске асырудың нақты механизмдерін ойластыруды орынды деп санайтынын айтты.

«Ең маңызды бағыттардың арасында биотехнология, гендік инженерия, баламалы энергетика, соның ішінде күн, жел, биогаз және шағын гидроэнергетика салаларындағы жетекші ғылыми-зерттеу мекемелерінің кооперациясын көреміз. Сондай-ақ ШЫҰ мемлекеттері мен халықтары арасындағы өзара сенімділік, достық қарым-қатынастарды күшейтуді жалғастыру қажет деп санаймыз. ШЫҰ-ның тұрақты жұмыс істейтін халықтық дипломатия институттары орталықтарын құруды ұсынамыз, осы орталықтарда мәдени форумдарды, бірлескен көрмелерді, конференциялар мен кездесулерді өткізу біздің халықтарымыз арасындағы байланыс пен өзара түсіністікті нығайтуға мүмкіндік береді», - деп қорытындылады Ш.Мирзиеев.

Қайрат Жандыбаев

Фото Арман Мұхатов, Шыңғыс Қаппаров


Back to the list