08.06.2017
«Біз осы жылы ресми түрде үшінші рет кездесіп отырмыз – бұл біздің елдер арасындағы ынтымақтастықтың ең жоғары деңгейін білдіреді. Біздің кездесулеріміз, сенімді қарым-қатынастарымыз біздің үкіметтер, министрліктер мен ведомстволар арасындағы қарым-қатынастарға ықпал етеді. Егер біздің қарым-қатынастарымызды қысқаша түрде терең қорытындылайтын болсақ, Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасын үлгілі мемлекетаралық қарым-қатынас деуге болады. Бізде шешілмеген мәселелер жоқ, барлық мәселелер шешіліп жатады», - деді ҚР Президенті.
Мемлекет басшысы Қытай экономикада, тікелей шетелдік инвестициялардың, берілген несиелер мен бірлескен кәсіпорындар көлемі бойынша Қазақстанның негізгі әріптесіне айналғанын атап өтті.
«Ең бастысы – біз энергетикалық ынтымақтастық мәселесін шештік, Қазақстанда өндірілетін мұнайдың 25 пайызын қытайлық компаниялар өндіреді. Қазір олар келісімшарттарды ұзарту туралы мәселені алға тартуда, біз бұған баса назар аудармақпыз, себебі олар бірлескен жұмыс бойынша біздің жақсы әріптестеріміз», - деп мәлімдеді Елбасы.
Сондай-ақ, ҚР Президенті ынтымақтастық жылдарында Қазақстан арқылы 100 миллион тоннадан астам мұнай, 180 миллиард текше метрден астам газ жеткізілгенін және қытайлық шекаралық деректер бойынша тауар айналымы – 46 пайызға, қазақстандық деректер бойынша 30 пайызға өскенін де атап өтті.
«Қазір біз бұрын келіскендей, 51 кәсіпорынды Қазақстанға көшіруді жүзеге асырып жатырмыз. Үшеуі жұмыс істеп жатыр, алтауы бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр, осыны ары қарай жалғастыратын боламыз», - деп қосты Н. Назарбаев.
Қайрат Жандыбаев