04.04.2017
Кездесу барысында тараптар Астанада ағымдағы жылдың 6-11 маусымы аралығында өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрменің ашылуы мен ШЫҰ-ға мүше мемлекет басшыларының саммитін өткізу барысындағы ортақ мәдени-спорт шараларының жоспарын талқылады.
Сондай-ақ олар мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту саласындағы қалыптасқан жоғары деңгейдегі қарым-қатынасты атап өтті.
ШЫҰ бас хатшысы Қазақстанның төрағалығымен өтетін бұл саммитті шын мәнінде тарихи деп атап өтті. Себебі алдағы алқалы жиында ұйым құрамына Үндістан мен Пәкістан енеді.
«Мәдениет халық ынтымағын нығайтып, ауызбіршілікке алып келеді, саяси шешімдерді қабылдауға оң әсерін тигізеді. Осы ретте астаналық саммиттің нәтижелі болатынына және ШЫҰ-ның халықаралық аренада одан ары нығаюына көмектесетініне сенімдімін», – деп ағынан жарылды Р. Алимов.
Өз кезегінде А. Мұхамедиұлы Шанхай ынтымақтастық ұйымының бүгінгі таңда әлем бойынша аймақтық бірлестікте белсенді дамып келе жатқан бірегей ұйым екенін атап өтті.
«Бізді ШЫҰ-ның мәдени векторының қарқынды дамуы қуантады. Қауіпсіздік, сауда және коммуникациямен қатар ол ұйымның маңызды бағыттарының біріне айналып келеді. Бұған жарқын дәлел ретінде мәдениет саласындағы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің серіктестігін атап көрсетуге болады», – деді қазақстандық ведомство басшысы.