10.03.2017
Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Берік Арын 2017 жылғы 8-9 наурыз аралығында Каир қаласында (Мысыр) өткен Қазақстан-Мысыр сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, ғылыми және техникалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссиясының (ҮАК) 5-ші отырысына қатысты.
Іс-шара Қазақстан мен Мысыр арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 25-жылдығы шеңберінде өтті. Қазақстандық делегацияны ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, ал мысыр тарапын – МАР Инвестициялар және халықаралық ынтымақтастық министрі Сахар Наср ханым басқарды.
Келіссөздер барысында екіжақты ынтымақтастықтың мәселелері, соның ішінде дін саласындағы сұрақтар жан-жақты қарастырылды.
Комиссия отырысының қорытындысы бойынша хаттамаға және бірнеше құжаттарға, солардың қатарында дін саласындағы өзара ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын қамтитын – ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі мен МАР Уақыфтар істері жөніндегі министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
ҮАК хаттамасында да Алматы қаласындағы Мысыр ислам мәдениеті орталығының «Нұр-Мүбәрәк» университетінде исламтану саласындағы ұлттық кадрларды дайындау бойынша мәселесі де көтерілді.