07.03.2017
Өткен кездесу барысында Елші сұхбаттасушыны Қазақстанда болып жатқан маңызды саяси және әлеуметтік-экономикалық процесстер жайлы таныстырды. Атап айтқанда, елімізде билік тармақтары арасында өкілеттіліктерді бөлумен қоса, мемлекетіміздің жаһандық бәсекелестікке төтеп беру жолындағы модернизациялануының үшінші кезеңіне көшуі жайлы баяндалды.
Биыл Астана мен Афина арасында дипломатиялық қатынастар орнағанына 25 жыл толуына орай қазақстандық дипломат екіжақты бай мәдени және тарихи байланыстардың баршылығын, оған қоса Қазақстанда он мыңдық грек диаспорасының ғұмыр кешіп жатқандығы жайлы бөлісті.
Осы орайда ведомствоаралық байланыстарды нығайту мен екі ел арасындағы шарт-құқықтық базаны кеңейтудің маңыздылығы алға тартылды. Грек тарапына қатарына қылмыстық іс-жүргізу саласында үш мемлекетаралық келісімдер кіретін тағы да басқа тиісті құжаттарға тездетіп қол қою ұсынысы жеткізілді.
Елші Қазақстан мен Еуропа одағы арасындағы Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімі шеңберінде еуропалық сарапшылардың ат салысуымен Қазақстан Республикасының сот және құқық қорғау жүйесі модернизациялану үстінде екенін хабарлады. Сонымен қатар, мемлекетіміздің қылмыстық іс-жүргізу саласында еуропалық конвенцияларға қосылу жұмыстары пысықталып жатқаны атап өтілді. Баяндалғанға орай, Алексей Волков грек министрін қазақстандық және еуропалық сот жүйелері арасын жақындатуды көздейтін 2015-2018 жж. аралығында Қазақстан-Еуропа Кеңесі іс-шаралар жоспарына енген «жергілікті билікке Қазақстанның сот әділдігі жүйесінің сапасы мен тиімділігін арттыру бағытында қолдау көрсету» бағдарламасы жайлы құлағдар етті.
Өз кезегінде, С. Кондонис Қазақстанмен құқықтық ынтымақтастықты өрбітуге мүдделі екенін және заңнамалық базаны жедел әзірлеу жұмыстарын бастауға дайындығын хабарлады. Саясаткер Грекия тарапының Қазақстанның қылмыстық іс-жүргізу саласында еуропалық конвенцияларға қосылу ниетін қолдайтынын айтып, елімізге бұл бағытта жан-жақты қолдау көрсетуге әзір екендігін айрықша атап өтті.