09.11.2016
Іс-шараның қатысушыларына арналған құттықтау сөзбен Қазақстанның Германиядағы елшісі Болат Нүсіпов сөз сөйледі. Қазақстандық дипломат сөз сөйлеу барысында ел басшылығы іске асырып жатқан Қазақстанның ағымдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы, «Қазақстан-2050» даму стратегиясы және «100 нақты қадам» ұлт жоспары шеңберіндегі инвестициялық саясат пен реформалар туралы ақпарат берді.
Б. Нүсіпов неміс әріптестерін Қазақстанның индустрияландыру және инфрақұрылымдық жаңғырту жөніндегі бағдарламалары аясындағы жобаларды бірлесіп іске асыруға шақырды.
Қазақстанның Гамбургтегі Құрметті консулы - «BUSS Group» компаниясының президенті Й. Киллингер «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» ЖЭС басымдықтары туралы айтып берді, сондай-ақ осы бағдарламаны іске асыру шеңберінде транзиттік-көлік әлеуетінің дамуына ерекше көңіл бөлінетінін де атап өтті. Сонымен қатар, оның компаниясы Қазақстанның батысында қазақстандық көлік-логистикалық терминалдардың құрылысы мәселесі бойынша Қазақстанның әріптесі болу мүмкіндігін қарастырып жатқаны туралы хабарлады.
Форум шеңберінде іскерлік және сараптамалық топтардың, ғылыми-зерттеу институттарының, инвестициялық қорлар мен ұйымдардың, неміс компаниялары өкілдерінің қатысуымен пікірталас өтті.
Анықтама үшін: Федералды жер мәртебесі бар Гамбург көлемі жағынан Германияда – екінші (Берлиннен кейін), Еуроодақта жетінші және ЕО-дағы мемлекет астанасы болып табылмайтын, тұрғындарының саны ең көп қалалардың бірі. Қала ең ірі теміржол және автомобиль тораптарының бірі, сондай-ақ теңіз және өзен порты болып табылады. Теңіз порты Германияның ең ірі порттарының бірі және көлемі жағынан Еуропадағы екінші порт (Роттердамнан кейін) болып табылады. Оның өнеркәсіптік ауданы мұнай өңдеу кәсіпорындарын және шетелдік шикізатты өңдеу фабрикаларын қамтиды. Гамбург – машина жасау, аэроғарыштық, жеңіл және полиграфиялық өнеркәсіп пен логистикалық қызметтер орталығы. Қалада EADS, Airbus, Beiersdorf, Aurubis, Holsten сияқты ірі компаниялар орналасқан.