02.11.2016
Белорус делегациясының жұмыс сапары Железин ауданындағы «Пахарь» ШҚ-ын аралаудан басталды. Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовтың айтуынша қонақтар үшін өңіріміздегі ірі өндіріс ошақтары қамтылатын саяхат бағдарламасы әзірленгенімен, олардың өздері аймағымыздың ауыл шаруашылығымен танысуға ниет білдіріпті. Делегаттарға сүт-тауар фермасы, мал бордақылау алаңы, күлгін түсті картоп сақталатын көкөніс қоймасы көрсетілді. Сонымен бірге, қонақтар шаруашылық жұмысшыларына арнап салынған агроқалашықты да аралап көрді.
«Біз өзімізді туған Белорус жерінде жүргендей сезініп отырмыз. Өзімізге деген ыстық ықыласты сезіну бізге үлкен қуаныш сыйлады. Қазіргі таңда біздің республиканың экономикасы үшін сенімді сауда қатынастары мен тауар айналымының көлемін ұлғайту аса маңызды болып отыр. Біз Белоруссияда өндірілетін тауарлардың экспортқа шығарылуын қалаймыз. Ұзақ уақыт бойы бір одақта өмір сүрген бауырлас халықтармен бірлескен өндіріс ошақтарын ашу екі жаққа да аса тиімді болмақ» , - деді Владимир Дворник Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерінің алдында сөйлеген сөзінде.
Болат Бақауов Белоруссиямен арадағы қатынастарды дамыту аса маңызды екенін және 2010 жылдан бері Белоруссиямен арадағы тауар айналымы 4 есеге ұлғайғанын атап өтті.
«Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салаларындағы өзара ынтымақтастықтың әлеуеті аса жоғары. Біз Белоруссиядан сүтті бағыттағы мал сатып ала отырып, оларға майлы дақылдарды экспорттауға мүмкіндік аламыз. Экология мәселесі бойынша бізге «Житковичхимсервис» ААҚ-ың тәжірибесі қызықтырады. Біз бұл кәсіпорынға аймағымыздағы экологиялық технология кәсіпорнымен бірлесуді ұсынып, жоғары тиімді органикалық тыңайтқыштар шығаруды қолға алмақпыз»- деді облыс әкімі.
2 қараша күні белорустық делегация қаламызда өтетін «Ertys Invest 2016» халықаралық форумына қатысады. Форумда аймақ басшысы Болат Бақауов пен Владимир Дворник сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, гуманитарлық және мәдениет салаларындағы өзара ынтытмақтастық туралы меомарндумға қол қояды.