14.10.2016
Кездесу барысында әңгімелесушілер дін саласындағы екіжақты байланыстарды кеңейту, конфессияаралық диалогты ілгерілету саласындағы өзара іс-қимылды дамыту, соның ішінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша Астанада өткізілетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі шеңберінде ынтымақтастықты тереңдету жолдарын қарастырды, деп хабарлады ҚР СІМ.
Әңгімелесушілер діни білім саласындағы ынтымақтастық мәселелерін қозғай отырып, екі елдің бірлескен жобасы болып табылатын Алматыдағы «Нұр-Мүбарак» университетінің қызметін және ондағы оқу процесін жетілдіру жолдарын, сондай-ақ қазақстандық студенттердің «Әл-Азхар» университетінде оқу шарттарын талқылады.
Б. Арын әңгімелесушілерді елімізде қабылданып жатқан, діннің қоғам өміріндегі рөлі мен маңызына қатысты маңызды шаралар туралы ақпараттандырды. Осы мәнмәтінде ол ағымдағы жылғы қыркүйекте Президенттің Жарлығына сәйкес ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің құрылғаны туралы хабарлап, жаңа мемлекеттік органның негізгі міндеттерімен таныстырды.
Өз тарапынан Шейх А. Тайеб Қазақстанның әлемдік масштабтағы дінаралық диалогты ілгерілетуге бағытталған бастамаларын қолдайтынын, сондай-ақ «Әл-Азхар» орталығының «Нұр-Мүбарак» университетіне оқу процесін және ғылыми-зерттеу жұмысын жетілдіруге жәрдемдесуге дайын екенін білдірді.
Вакуфтар министрі М. Жума Астананың дін саласындағы, әсіресе радикалды идеяларға қарсы іс-қимыл жасаудағы қабылдап жатқан шараларын жоғары бағалап, мысыр тарапының Қазақстан бастамаларын қолдауға және оларды іске асыруға белсенді қатысуға дайын екенін мәлімдеді.