03.10.2016
2016 жылғы 29 қыркүйекте мексикандық заң шығарушы органының ғимаратында Қазақстанның Мексикадағы Елшісі Андриан Елемесов және Елшілік дипломаттарының қатысуымен аталған топты құрудың ресми рәсімі болып өтті. Іс-шараға сондай-ақ Конгресс депутаттары - «Мексика-Қазақстан» тобының мүшелері, Мексиканың Сыртқы істер министрлігінің және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Салтанатты рәсімді «Мексика-Қазақстан» тобының төрағасы, мексикандық Парламенттің төменгі палатасының депутаты Хосе Рефухио Сандовал Родригес кіріспе баяндамасымен ашты. Өз сөзінде ол қазіргі Қазақстанды «Орталық Азияда ең дамыған мемлекеттердің бірі және әлемдегі ең тартымды инвестициялық орталықтардың бірі» деп атады. Қазақстанның стратегиясы халықтың әл-ауқатының негізін қалайтын және елдің индустриялдық даму базасына ықпал жасайтын бизнес-климат пен саяси тұрақтылықты дамытуға бағытталған. «Қазірде мемлекеттеріміздің алдында ынтымақтастықты дамыту үшін үлкен мүмкіндіктер тұрғанына байланысты, мексикандық Парламенттің төменгі палатасының депутаттары екіжақты қатынастарды одан әрі белсендіруге жағдай жасайтын қазақстан-мексикандық достастық тобын құру туралы шешім қабылдады», - деп баса айтты Хосе Родригес.
Елші А. Елемесов өз кезегінде Қазақстан Республикасының басты жетістіктері, еліміздің халықаралық қатынастардағы рөлі, бейбітшілікті сақтау мен қарусызданудағы негізгі бастамалары, сондай-ақ Қазақстанның инвестициялық климатты жақсарту бағытында қолға алып жатқан шаралары туралы баяндап, екіжақты экономикалық ынтымақтастықтың келешегін айқындады.
Іс-шараның соңында «Мексика-Қазақстан» парламенттік тобының ресми құрылғаны туралы жарияланып, оны растау ретінде тараптар Құрылтай актісіне қол қойды. А. Елемесов сондай-ақ Мексика Парламентінің құрметті қонақтарының кітабына естелік жазба жасады.