10.02.2015
ҚР СІМ басшысы шетел дипломаттарын ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатында көрсетіп кеткен қазіргі кезеңдегі қазақстандық қоғам дамуының негізгі басымдықтары туралы хабардар етті.
«Кездесу барысында Украинадағы жағдай, Иран ядролық бағдарламасы, Ауғанстанды тұрақтандыру, Орталық Азиядағы қазіргі ахуал, Таяу Шығыстағы жағдай, халықаралық лаңкестікпен күрес және т.б. халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, ЕАЭО, АӨСШК, ШЫҰ, АСЕМ және ИЫҰ секілді халықаралық ұйымдар мен форумдар шеңберіндегі ынтымақтастық мәселелері егжей-тегжейлі қарастырылды», - делінген ведомсвтоның хабарламасында.
Министр қатысушылардың назарын азық-түлік қауіпсіздігі мәселесіне аударып, Қазақстанның Ислам азық-түлік қауіпсіздігі ұйымын (ИАҚҰ) құру бастамасын қолдауға шақырды.
«ИАҚҰ Жарғысына қол қойған мемлекеттер құжатты мүмкіндігінше тез арада ратификациялап, ұйым өзінің толыққанды қызметін жақында бастайды деп үміттенеміз. Сонымен қатар, осы мүмкіндікті пайдаланып, ИЫҰ басқа мүше-мемлекеттерін ИАҚҰ-ға қосылуға шақырамын», - деп атап өтті Е. Ыдырысов.
ҚР СІМ басшысы дипломаттарға қазақ тарапының жасаған жұмысы туралы баяндады. «ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен ҚР СІМ ИАҚҰ құру туралы Іс-шаралар жоспарын жасады. Аталған екі министрліктің өкілдерінен тұратын, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Б.Сағынтаевтың төрағалығы астында мекемеаралық жұмыс тобы құрылды. Ұйымның нормативті құжаттары жасалынды: Тәртіп ережелері, Қаражат ережелері мен Қызметкерлерді басқару ережелері. Қаржыландыру мәселелері шешіліп жатыр», - деді ол.
Кездесу барысында 2015 жылы ислам мәдениетінің азия өңіріндегі астанасы деп жарияланған Алматы қаласында ағымдағы жылы ұйымдастырылатын ірі іс-шаралар ислам руханиятаның одан әрі дамуына, Ислам ынтымақтастық ұйымы елдері арасындағы гуманитарлық байланыстар мен тығыз ынтымақтастықтың үйлестірілуі мен кеңейтілуіне, достық қарым-қатынастардың нығаюына екпін береді деген үміт айтылды. Осы орайда Е. Ыдырысов Елшілерді аталған шараларға белсенді қатысуға шақырды.
Аталып өткендей, кездесуге Ауғанстан, БАӘ, Вьетнам, Жапония, Индонезия, Иордания, Иран, Ирак, Корея, Кувейт, Қырғызстан, Ливия, Ливан, Малайзия, Моңғолия, Мысыр, ОАР, Оман, Пәкістан, Палестина, Сауд Аравиясы, Таиланд, Тәжікстан, Түрікменстан, Үндістан дипломатиялық өкілдерінің басшылары, сонымен қатар Ресей Федерациясының Елшісі Астанадағы дипломатиялық корпустың дуайені ретінде қатысты.