15.12.2014
«Өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету керек. Өңірде қазір саяси және экономикалық салада күрделі өзгерістер болып жатыр. Есірткі, ұйымдасқан қылмыс және киберқылмыс секілді қауіп-қатерлермен күресте қырағылық танытуымыз керек. Қытай тарапы экстремизмге қарсы күрес конвенциясына жылдамдатып қол қоюға және Шанхай ынтымақтастығы ұйымының өңірлік антитеррорлық құрылымына тезірек есірткіге қарсы функцияларын беруді ұсынады. Осы негізде қауіпсіздік саласында сын-қатер мәселелері бойынша орталық құру қажет", - дейді Ли Кэцян.
Сондай-ақ, оның айтуынша, өңірлік ынтымақтастықты дамытуға және экономикалық өсімнің жаңа тетіктерін табуға күш салу керек.
«Қытай тарапы ынтымақтастықты дамыту үшін қаржылық көмек көрсетуге дайын. Біз екіжақты тәртіпте ШЫҰ-нің өзге елдерімен де әріптестік жүргіземіз. Бұл біз үшін халықаралық нарықта қондырғылардың бәсекелестігін арттырады», - деді Ли Кэцян.
Айта кетейік, Бүгін Астанада Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттердің Үкімет басшылары кеңесі аясында ұйымға қатысушы мемлекеттер көшбасшылары кездесуде.
Кеңес отырысына Қазақстан Премьер-Министрі К.Мәсімов, Ресейден – Д.Медведев, Қырғызстаннан - Д.Оторбаев, Тәжікстаннан – К.Расулзада, Өзбекстанның премьер-министрінің бірінші орынбасары Рустам Азимов пен ҚХР Мемкеңес Премьері Ли Кэцян қатысуда.
Индира Қауметова