10.12.2014
«Қабылдау кешінде индонезиялық тараптан іс-шараның бас қонағы ретінде Индонезия Республикасының Сауда министрі Рахмат Гобель қатысты. Қабылдауға Парламент депутаттары, Сыртқы істер министрлігінің және басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ дипломатиялық корпус пен халықаралық ұйымдардың басшылары қатысты. Қонақтар арасында қоғам, іскерлік және академиялық топ, Индонезияның жетекші БАҚ өкілдері, қазақ диаспорасы мен Индонезияда оқитын қазақстандық студенттер болды», - делінген хабарламада.
Қонақтар алдында сөз алған Қазақстанның Индонезиядағы Елшісі Асхат Оразбай тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның дамуындағы қол жеткізілген жетістіктер туралы, сондай-ақ Н.Ә.Назарбаевтың «Нұрлы ЖОЛ» жолдауының басты кезеңдері туралы әңгімеледі.
Ұлттық мерекеге орай қабылдау кешінің қатысушыларына Қазақстанның тәуелсіздік жылдардағы жеткен жетістіктері туралы фильм мен бейне сюжеттер көрсетіліп, Қазақстан жайында фото көрме ұйымдастырылды. Қабылдау кешінің қонақтарына қазақтың дәстүрлі ас-тағамдары ұсынылды.
Сол күні Индонезияның жетекші «The Jakarta Post» газетасында Қазақстан туралы арнайы шығарылым жарық көрді.