05.12.2014
«Біз инженерлерді оқыту бойынша Франциямен ынтымақтастыққа қызығушылық танытып отырмыз. Бұл салада бізде қалыптасқан тәжірибе де жоқ емес. 2010 жылдан бастап Total компаниясының қолдауымен Қарағанды техникалық университеті базасында дәнекерлеу институты жемісті еңбек етуде. Бұны мен үлкен мақтанышпен айта аламын», - дейді Н.Назарбаев.
Айта кету керек, бүгінде қазақстандық 10 жоғары оқу орны Францияның 15 оқу орнымен әріптестік қатынаста. Академиялық мобильділік бойынша мемлекеттік бағдарлама бойынша француз оқу орындарына елімізден 59 адам аттанды. Франциядан Қазақстанға 98 оқымысты шақыртылды. «Болашақ» бағдарламасы аясында шамамен 200 қазақстандық Франциядан оқып қайтты.
«Алматыда француз әріптестерімізбен бірлесіп энергетикалық ресурс саласындағы ғылыми-оқыту орталығы құрылды. Бүгінде ғылыми зерттеу жасауға, тіл курстарын оқуға, университет стипендиясы мен дипломын алуға мүмкіндік беретін келісімге қол қойылып отыр», - дейді Елбасы.
Сонымен қатар, Астана, Алматы, Қарағанды, Қостанай, Шымкент қалаларында Француз альянсы бөлімшелері жұмыс істеуде. Біздің еліміз Орта Азияда алғаш болып француз университетін ашқан ел. Ол Алматыдағы Сорбонна университеті. «Франция Президенті Ф.Олландтың сапары екі елдің арасындағы жан-жақты байланысқа серпін беретініне сенімдімін», - деді Елбасы.
Камила Амирова